ҚазақстанҚоғамТОП

Әлихан Смайылов жылу беру маусымына дайындыққа қатысты пікір білдірді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов жылу беру маусымы алдында қай өңірлерде дайындықты қарқынды жүргізу керек екенін айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жылу беру маусымының басталуына 1 айдан астам уақыт қалды. Жалпы, дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жылудың дер кезінде берілуін қамтамасыз ету керек. Жүйелік оператор «KEGOC» компаниясы жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда, кейбір өңірлерде бұл кестеден кешігу байқалып отыр. Кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері болды. Сондықтан, қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін», – деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында.
Премьер-Министрдің айтуынша, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында.

«Проблемаларды шешу үшін Қазақмыс, Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы, АрселорМиттал Теміртау компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесулер өткізу қажет. Олардың объектілерінің көпшілігі суық ерте түсетін солтүстік аймақта орналасқан. Сондықтан, дайындық жұмыстарын күшейту керек», – деді Үкімет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, елордада биылдың соңына дейін ЖЭО-3 және 2 газ турбиналық станциясын жоспарлы іске қосуды қамтамасыз ету маңызды.

«Өңірлерде 13 мыңнан астам автономды қазандықтарды дайындау қажет. Нақтырақ айтсақ, 11 мыңға жуығы немесе 81 пайызы дайындалған. Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкентте жұмыс қарқыны жеткіліксіз», – деді ол.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button