«Ауыл» партиясының облыстық филиалының мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер қатарына қабылданды
«Ауыл» партиясының облыстық филиалының кеңсесінде «Жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын түсіндіру бойынша кездесу өтті. Оған өңірлік БАҚ, салалық кәсіподақ және жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ кәсіби заңгерлер атынан нотариустар, адвокаттар мен заң кеңесшілері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов жоба миссиясымен таныстырып, оның әрбір қазақстандық, жалпы алғанда, мемлекет үшін маңыздылығы жайлы айтып өтті. Бүгінгі күні 15 ерікті тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өз үлесін қосам деушілердің барлығы жобаға қатыса алады, еріктілер санына шектеу жоқ.
«Жобаға қатысты маңызды ақпарат жеткізгім келеді. Еріктілер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі бола алмайды және оның атынан әрекет етпейді. Олар өз қызметінде Вволонтерлік қызмет туралы» Заңды қатаң басшылыққа алады», – деп түсіндірді Рүстем Тоқбергенов.
Партияның өңірлік филиалының төрағасы, сондай-ақ Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатына жәрдемдесу орталығының облыстық филиалының басшысы Серік Байғалиев жобаға қатысу жоспарларымен бөлісті.
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында тәжірибеміз бар. Сондықтан жоба аясында бірнеше бағытты қамтығымыз келеді. Біз өңірде іске асырылып жатқан барлық жобалардан хабардармыз. Мониторингтік іс-шараларға, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаментімен бірлесіп өтетін шараларға қатысып тұрамыз. Осыған байланысты өзіміздің алаңды ұсынып, еріктілерді оқытуға жәрдемдесуге дайынбыз.»
Жиынға қатысушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасын қолдап, жобаны іске асыруға өз көмектерін ұсынды. Тілшілер, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен өзге де белсенділер ынтымақтастыққа дайын.
«Біз бұл жобаны қолдаймыз. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Адалдық алаңы», «Ашық бюджет», «Ашық әкімдік» сияқты жобаларды тиімді іске асырған болатын және жастар мұндай жобаларға әрқашан белсенді қатысты. Өз тарапымыздан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта контент дайындауға жәрдемдесуге дайынбыз”, – деді «018.kz» ақпараттық порталының редакторы Думан Кенжеғазы.
Жобаны кәсіподақтар да қолдады. Мүдделері ортақ жүздеген, мыңдаған адамдарды біріктіретін ұйымдар жобаны іске асыруға елеулі үлес қоса алады.
«Біз жобаны қолдаймыз. Әртүрлі саладағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлық жағдайларына тап болған кезде, ең алдымен, бізге жүгінеді. Сондықтан, кәсіподақ ұйымдары жобаның белсенді еріктілері бола алады деп ойлаймын», – деді «Серіктес» жергілікті кәсіподағының төрағасы Гаухар Бекова.
Semeynews.kz