Абай облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «Абай облысы бойынша 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық» тақырыбында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Ақпарат алаңындағы брифингке Абай облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының міндетін атқарушы Жандос Қайырханов, Семей қаласының “Жылукоммунэнерго” КМК директорының орынбасары Николай Демин, Семей қаласының ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Арман Кендебайұлы қатысты.
Жылу желілері мен жылу көздерін қайта құру және жаңарту бойынша барлық жұмыстар ағымдағы жылдың жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. Бұл туралы баспасөз конференциясында Абай облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшының міндетін атқарушы Жандос Қайырханов баяндады.
- Алдағы жылыту маусымының дайындығына жалпы сомасы 8,98 млрд теңге бөлінді. Қазіргі күні жылу желілерін жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес 30 қыркүйекте аяқталмақ. 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына облыс бойынша көмірдің жалпы қажеттілігі 1,245 млн. тоннаны құрайды. Оның 565 мың тоннасы – халық қажеттілігі үшін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жазда көмір сатып алу қажеттілігі туралы хабарлағым келеді, – деп атап өтті Жандос Қайырханов.
Жылыту маусымына дайындық аясында қалада 6 жоба іске асырылуда. Би-Боронбай және Физкультурная көшелеріндегі жобаларды жүзеге асыру, сол жағалаудағы тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстарды сапалы орындау үшін жергілікті атқарушы органдар тұрақты мониторинг жүргізуде. Мердігер компания магистральдық құбырлардың бір бөлігін ауыстырды. Қазіргі уақытта нысанды жабдықтарды, жылумен, суық сумен, электрмен қамту құбырларын бөлшектеу, сондай-ақ жаңа ғимараттың іргетасын қалау үшін қазаншұңқыр дайындауды аяқтады.
Семей қаласының “Теплокоммунэнерго” МКК директорының орынбасары Николай Демин барлық жылу жүйелерін қайта жаңарту жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс екенін атап өтті.
Semeynews.kz