Абай облысыҚоғамМәдениетМерекеТОП

ХХІҮ республикалық Абай оқуларының ашылу салтанаты өтті

Бүгін Абай облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен Абай ауданында жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасында ХХІҮ республикалық Абай оқуларының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 131 қатысушы жиналды.

Жас абайтанушылар Абай ауданының тарихи мәдени орындарына: Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне, «Еңлік – Кебек» ескерткішіне барып, әсерлі қойылым тамашалады.

Шараның ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры орынбасары Жұмагелді Нұрлан Мұғиынұлы сөз сөйлеп, жас дарын иелерін құттықтады.

 

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз мақаласында «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер» деп айтқандай, ұлы ақынды өз елімізде ұлықтасақ, шет елдерде Абай орталықтары ашылып жатыр. Елімізден тыс мемлекеттерде Абай оқуларының өтуі – заңғар ақынның мұрасы мәңгілік екенінің дәлелі. Хакім Абайдың туған жерінде жыл сайын өткізілетін Абай оқуларына қош келдіңіздер! Жас қатысушыларға сәттілік тілеймін!», – деді Абай облысы білім басқармасының басшысы Н.Ахметқалиев.

Жарысқа қатысушылар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілімді ұғады», «Жүйрік он жүйрік озар жарысқанда», «Ұлылар әлемі» атты алты номинация бойынша бақ сынайды. Басты шарт – жарысқа қатысушылар ақындардың барлық шығармаларын жатқа білуі қажет.

Қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалайды. Сондай-ақ, ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, толық білуі бойынша бірнеше критерийлер қолданылады.

Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және грамоталарымен, сонымен қатар, естелік сыйлықтарымен марапатталады.

Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылады. Салтанатты марапаттау рәсімі 10 тамызда Жидебайда «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өтеді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button