Абай облысыҚоғамСемейТОП
Абай облысында жастар саясатын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде
Бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Төлеухановтың қатысуымен «Абай облысындағы мемлекеттік жастар саясатының орындалуы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
«Абай жастары» жастар ресурстық орталығы 2022 жылдың желтоқсан айында ресми құрылды. Облыста 11 жастар орталығы (1 облыстық, 2 қалалық және 8 аудандық) жұмыс жасайды. Штаттық бірлік саны 137 құрайды.
- 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес Абай облысында 153 429 жас бар, ол облыс халқының 25,1% құрайды. Өңірімізде 3 жоғарғы оқу орны және 37 арнайы орта оқу орындары бар. Жалпы студенттер саны – 21 157, оның ішінде жоғарғы оқу орындарында 1 217, арнайы орта оқу орындарында – 19 940 студент оқиды», – деді «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Төлеуханов.
Сондай-ақ, облыста NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге баса назар аударылады. Бұл үшін бюджеттен 4,3 млн. теңге бөлініп, әлеуметтік жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта Абай облысының NEET санатындағы жастарға арналған сайт және мобильді қосымша әзірленді. Оның мақсаты – өңірдегі NEET санатындағы жастардың санын мейлінше нақтылау.
- Жастарды жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан 83 бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 1196 жас қатысты, оның 179-ы жұмыспен қамтылды. 947 жасқа кәсіптік оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мүмкіндіктері туралы ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетілді», – деді Айдос Төлеуханов.
Жастар ресурстық орталығының жұмысының тағы бір бағыты жастар арасында волонтерлік қызметті дамыту. Жыл басынан бері облыста 300-ге жуық волонтерлік іс-шара ұйымдастырылды. Айдос Төлеуханов жыл сайын 12 тамызда аталып өтетін Жастар күніне арналған іс-шаралар жоспарына тоқталды. Онда түрлі спорт түрлерінен турнирлер, көрмелер мен ауқымды концерт өткізу жоспарланған.
Semeynews.kz