Абай облысының әкімі Қопа ауылының өкілдерін қабылдады
Аягөз ауданына қарасты Қопа ауылының тұрғындары кейінгі жылдары елді мекендегі халықтың тұрмысы нашарлағанын алға тартты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Олардың айтуынша, 1999 жылғы санақта ауылда 1438 адам тұрған. Ал 10 жылдан кейін, 2009 жылы санақ ауылда 1029 адам тіркелгенін көрсеткен. Ал бүгінде Қопа ауылында 900-ге жуық қана адам тұрады.
Оған елді мекенде ауыз судың болмауы, Ақтоғай-Қопа кенттері арасындағы автомобиль жолының жөнделмеуі, бүкіл ауылдың ішкі жолдарының сапасыздығы ықпал еткен. Сондай-ақ спортпен шұғылдануға және бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған жабық ғимараттың жоқтығы сияқты мәселелер де негізгі себеп ретінде аталды.
Бұдан бөлек, Қопа ауылының өкілдері облыс әкімімен мал шаруашылығын дамыту үшін жерге қатысты мәселелерді шешу және жер учаскелерімен байланысты мәселемен танысу үшін мамандар жіберуді сұрады.
Нұрлан Ұранхаев ауыл тұрғындарымен өткен қабылдауды қорытындылай келе, жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерді тыңдап, танысу үшін ауылға арнайы баратынын жеткізді. Халықпен кездесуді қыркүйек айының бірінші онкүндігіне белгіледі.
Semeynews.kz