Курчатовта 5 мың шаршы метр тұрғын үй салынады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Курчатов қаласының тұрғындарымен кездесті. Халықпен есептік кездесу барысында өңір басшысы бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырып, жыл соңына дейін межеленген міндеттер туралы баяндады.
– Жыл басынан бері өңіріміз дамудың оң серпінін көрсетті. Биыл облыста 24 926 жұмыс орнын құру жоспарға енгізілсе, соның 261 бос жұмыс орны Курчатовта ашылды. Жыл басынан бері өнеркәсіпте өндірілген 670 млрд. теңгеден астам өнімнің 2 млрд. теңгесі Курчатов қаласына тиесілі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімінің барлық өндіріс көлемі де 22,2% – ға артты. Курчатов қаласы бойынша 121 млн. теңгеден 158 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Облысқа 230 млрд. теңге инвестицияланды, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар Нұрлан Ұранхаев Курчатов қаласының туристік әлеуеті жоғары екеніне де тоқталды.
– Курчатов қаласының ғылыми-танымдық, экскурсиялық, техногендік туризмді дамыту әлеуеті зор. Туризмді дамытудың негізгі факторы ол тұрғын үйдің болуы. Бірінші жартыжылдықта облыста 130 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Курчатов қаласында 5 мың шаршы метрді тұрғын үй салу жоспарланған, – деп атап өтті аймақ әкімі.
Облыс басшысы өз баяндамасында өңірде медицина саласын дамыту – басым бағыттардың бірі екенін айтты.
– Медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін өткен жылы жергілікті ауруханаға 101,6 млн. теңгеге заманауи медициналық жабдықтар алынып, 73,3 млн.теңгеге күрделі жөндеу жұмысы жасалған. Бұдан бөлек 23,7 млн. теңгеге екі лифт жөнделіп, 28,2 млн. теңгеге резервтік қосымша қуат көзі (дизельдік электр стансасы) орнатылды. Жалпы, жүзеге асып жатқан барлық іс-шаралар облысты дамыту міндеттерін сапалы шешуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді өңір басшысы.
Халықпен кездесуде облыс басшысы жергілікті әкімдікке, Ұлттық ядролық орталыққа, ядролық технологиялар орталығына, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешіге қолдау көрсетіп, барлық жағынан жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Есептік кездесуден кейін облыс басшысы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, артынша жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында азаматтардың мәселелерін тыңдап, жауапты орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.