Семейде жаңа ет комбинатын салу жоспарланған
Семейде «Еуразия Агро Семей» ЖШС өндірістік қуаты жылына 12 600 тоннаны құрайтын ет комбинатын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, комбинат пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, биыл Семейде өндірістік қуаты жылына 600 тонна дайын өнім шығаратын «Ықылас Инвест» ет консерві зауытын іске қосу жоспарланып отыр. 2023-2024 жылдары шикізат тапшылығы мәселесін шешу мақсатында облыста ет комбинаттарын салу жоспары бекітілді. 2022 жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары 91,8 мың тонна сиыр еті, 22,8 мың тонна құс еті, 64,5 млн дана жұмыртқа, 171,0 мың тонна картоп, 23,4 мың тонна сәбіз, 3,9 мың тонна пияз және басқа да өнім түрлерін өндірді. Абай облысында 39 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бүгінде жобалық қуаты жылына 18 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін 7 сүт өңдеу кәсіпорны бар. Облыста 12 тауарлы-сүт фермасы және 7 сүт қабылдау пункті жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы «Қалиханұлы» ШҚ және «Өрнек» ЖШС-і 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын кеңейту мақсатында екі инвестициялық жобаны іске асырады. Көкпекті ауданында «Өрнек» ЖШС қайта өңделген өнім үлесін ұлғайту үшін қуатылығы 7 мың тонна сүт өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр (инвестиция сомасы 500 млн теңге).