Абай облысы

Шекаралық аудандар мемлекет қауіпсіздігінің тірегі

Бүгінде еліміздің тәуелсізідігі мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кешенді бағдарламалар қабылданып, нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсересе шекаралық аудандардың стратегиялық маңызы өте зор.

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайда осы мәселе қаралып жаңа аудандар құрылатын болды.

– Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым,-деді  Президент.

Экономика ғылымдарының  кандидаты Биболат Қуантқан Мемлекет басшысының бастамасы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды саяси шешім болды дейді.

– Мақаншы өңірі – Бақты кеден бекеті арқылы өтетін Қытаймен Қазақстан-Ресейді байланыстыратын ірі тас жол тораптардың орталығында орналасқандықтан, бұл өңірді басып өтетін жүк көліктер мен жеке жолаушылардың қарасы аз емес. Сонымен қатар, жаңадан салынатын Аягөз – Бақты теміржолының құрылысы да осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсерін тигізіп, үлкен транзиттік әлеуетке ие болады. Мақаншы ауданын құру ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орныларының ашылуына, агроөнеркәсіп, туризм мен инфрақұрылымды дамытуға ықпалы зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси шешім мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуға да жаңа серпін береді,- дейді сарапшы.

Қазіргі уақытта шекаралық аудандарды ашу  үшін ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қажетті бағдарламалар мен іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button