«Абай жастары» бағдарламасы қайта жалғасын таба ма?
2022 жылы қала әкімдігінен «Абай жастары» бағдарламасына 573 000 000 теңге көлемінде қаражат бөлінді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Бағдарлама аясында 514 өтініш қабылданып, оның ішінде 66 жас маманға «Отбасы Банкі» АҚ төлем қабілеттілігін бағалау жұмыстар жүргізіліп, 33 несие мақұлданды.
«Қазіргі таңда бағдарламаны жалғастыру мақсатында «Отбасы Банкі» АҚ мен жергілікті атқарушы органдар арасында келіссөздер жүргізудеміз. 2023 жылдың қазан айында «Абай жастары» бағдарламасының қашан жалғасын табатыны белгілі болады. Қатысу шарттары сол күйінде қалды», – деді Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Диана Шаяхметова.
Айта кету керек, бір қатысушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 15 миллион теңгені құрайды, егер баспана құны 15 миллион теңгеден асса, айырманы өтініш беруші өз қаражаты есебінен төлейді. Пәтер сатып алудың бастапқы жарнасы тұрғын үй құнының 10% құрайды, сыйақы мөлшерлемесі 5%, несиенің максималды мерзімі 19 жылға дейін.