Семейлік әскерилер самбодан чемпион атанды
Өскеменде жауынгерлік самбо және спорттық самбодан Ұлттық ұланның Шығыс өңірлік қолбасшылығының чемпионаты өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Сайысқа Семей, Павлодар, Курчатов қалаларынан келген 70-ге жуық әскери бөлімдердің спортшылары қатысты. Бұл чемпионаттың аймақтық мәртебесі жоғары. Жарысқа қатысушы жауынгер спортшылар “Динамо” дене шынықтыру спорттық қоғамы кешенінің төрінде төселген кілемде бақ сынасуда. Олар спорттық самбодан 58,64,71,79,88,95 келі салмақ бойынша, ал жауынгерлік самбодан 58 және 71 салмақ дәрежесінде сайысқа түсті.
- Өз ара бақ сынасқан 3477, 5518, 6699, 5511, 3514, 6679, 5512 әскери бөлімдерінің сарбаздары жарыс қорытындысы бойынша “Шығыс” өңірлік қолбасшылық құрамасы құралып, қыркүйек айында Семейде өтетін республикалық жарысқа қатысады.
Самбо әскерилердің бойында қатты мінез, табандылық пен төзімділікті қалыптастырып, жинақылыққа бейімдеп, өз мақсатына жетуге қажетті қасиеттерді дамытуға септігін тигізеді, – деді ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы бастығы подполковник Бауыржан Дарыбаев.
- Енді бұл Республикалық жарыстың алдында өткізіліп жатқан жарыстар. Біз ең жақсы дайындығы бар спортшыларды осы жерден көріп, кім республикалық жарысқа баратынын білуіміз керек.Сондықтан, самбодан, жауынгерлік самбодан жарыс өткізіп, мықтылар іріктеліп алынады,-дейді “Динамо” ДШСҚ ҚБ ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Жұмаділов.
Жалпы әскерлиер арасында өтіп жатқан бұл чемпионатқа офицерлер мен сержанттан бастап, қатардағы сарбаздарға дейін бақтарын сынады.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1 орын Семейдегі 5511 әскери бөлімі жеңіп алса, 2 орынды Павлодардан келген 5512 әскери бөлімнің құрамасы, ал 3 орынды Өскемендегі 5518 әскери бөлімінің құрамасы місе тұтты.
Жеңімпаздарды “Динамо” ДШСҚ ҚБ ШҚО филиалының арнайы медальдарымен “Шығыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Еркен Жанабергенов марапаттады.
Semeynews.kz