«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы волейболдан жүлдегер атанды
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы Қарулы күштердің волейболдан өткен жиырмасыншы спартакиадасының жүлдегері атанды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жерлес құрама ақтық мәреде әуе қорғанысы күштерінің командасына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Айта кетейік, жергілікті құрама ақтық мәреге шығар тұста «Оңтүстік» өңірлік құрамасын ойсырай ұтқан болатын. Сондай-ақ чемпионат барысында әскери полицияның ойыншыларымен жолығып, басым түскен. Астана қаласында өткен дүбірлі додада волейболдың микс форматында ұйымдастырылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бөлімі бастығының айтуынша, әскерилер бұл сайысқа сақадай сай дайындықпен барған.
– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы соңғы жылдары кез келген спорт түрлерінен оза шауып, жоғары жетістіктер көрсетіп жүр. Мәселен, әйелдер арасында 2018 жылы волейболдан Қарулы күштер арасында өткен чемпионатта бірінші орынға ие болды. Биыл да бабымыз мен бағымыз қатар жанып жүлделі орынға ие болдық. Спортшылардың допты алға асыруы мен комбинациялық шеберліктерінде шек жоқ. Ақтық мәреге жету жолында ойыншылар түрлі жарақат алса да, соңына дейін барды. Волейболдағы көрсеткіш «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үшін қуанышты жаңалық деп ойлаймын, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бөлімінің бастығы майор Нұржан Тұрымов.
Еске салайық, сайысқа он төрт команда қатысты. Жүлдеге ие болғандар кубок және арнайы медальдармен марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша спартакиаданың ең үздік ойыншысы атағына «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы құрамасының намысын қорғаған үшінші сыныпты сержант Марат Ибрагимов ие болды.
Semeynews.kz