Абай облысының әкімі «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Семейдегі оқу-өндірістік кәсіпорнына барды
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Семейдегі оқу-өндірістік кәсіпорнына барды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Аймақ басшысы мекеменің жұмысымен танысып, оның базасында орналасқан кітапхананың тыныс-тіршілігіне, бірлестік мүшелері тарапынан айтылған мәселелер мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Бірлестіктің міндеті – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жұмысқа орналасуға көмектесу. Бұл ұйымға 530 адам мүше. Олардың арасында көркемөнерпаздар, спортпен айналысатындар да бар. Қауымдастық мүшелерінің ішінен паралимпиада және үстел ойындарының спортшыларын да кездестіруге болады.
Сонымен қатар мамандандырылған кітапхана жұмыс істейді. Онда оқырмандар үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы: қолмен ұстап көру, есту жүйесі және көруі нашар жандарға арналған қызметтер қарастырылған.
Белгілі болғандай, кәсіпорын демеушілер көмегі мен күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Кейбір үй-жайлар жалға берілген, бірақ қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға, құбырларды жаңартуға және жөндеуге қаражат жетпейді.
«Сіздердің шағымдарыңыз ескеріледі. Кәсіпорынға демеушілер керек екені анық. Мәселелеріңізді қарастырып, бірлестік мүшелеріне қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жақсарту үшін жоспарымызды нақтылаймыз», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Кездесу соңында аймақ басшысы кәсіпорынға алдағы уақытта тағы бір келіп, бірлестік мүшелерімен кездесу өткізуге уәде берді.
Semeynews.kz