Абай облысыБизнесҚоғамСемейТОП

Семейде шағын және орта кәсіптің дамуы тұрақты

Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімінің 2023 жылғы бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар қорытындысы» тақырыбында брифинг ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Брифингке Семей қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рысгүл Рахимбаева, шағын және орта бизнес секторының меңгерушісі Амина Сыздықова, сауданы дамыту секторының меңгерушісі Айжан Хасенова қатысты.

Семей қаласы бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 34 486 бірлікке жетіп, 2022 жылдың жарты жылдағымен салыстырғанда 120,4 % ға өскен. Бұл көрсеткіш қаладағы әлеуметтік – экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің маңызды екендігін байқатады.

-Семейде кәсіпкерлік бойынша жұмыс істеп тұрған 30 453 орын бар. Олардан түсетін салықтың көлемі бірінші жарты жылдықта 46,0 млрд теңге болды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіп саласында жұмыспен қамтылғандар саны 60 637 адамды құрайды. Бұл көрсеткіште былтырғы жылмен салыстырғанда 12 %-ға өсіп отыр,- дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Бөлшек сауда желісі, сауда үйлері, супермаркеттерді қоса алғанда Семейде 1397 нысан, 13 сауда базары, 144 қоғамдық тамақтану орыны бар. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына және ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4 « Белгіленбеген орындардағы сауда » бабына сәйкес кәсіпкерлік бөлімінің және қадағалаушы органдарының бақылауында.

Маусым, шілде айларында арнайы рейідттік іс-шара арқылы 24 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның 21 ескерту, 3 орынға айыппұл салынды. Жауапты сала мамандары Чехов, Шугаев, Засядко, Елемесов, Аймауытов, Найманбаев көшелерінде және Әуезов даңғылында орналасқан кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету және бәсекеге қабілеттілікті дамыту үшін Абай облысының кәсіпкерлерін қолдауға арналған « Қамқор» жеңілдетілген кредит бағдарламасы және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» іске асырылуда.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button