Абай облысыҚоғамСемейСпортТОП

Ұлы ақын Абайдың туған күнінде Семейде 160 шақырымдық ультрамарафон өтеді

2020 жылы Қазақстанда 10 тамыз Абай күні болып белгіленген. Осы мерейтой қарсаңында Семейде 160 шақырымдық ультрамарафон өтпек. Бұл туралы BasSport.kz тілшісіне жарыстың басты ұйымдастырушысы El Sport» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, социолог Рамазан Саттарұлы Салықжанов айтып берді. 

– Жақында «El Sport» қоғамдық бірлестігі құрылды. Алғашқы жобаларыңызды ақын Абайдың туған күнінен бастағалы жатыр екенсіздер. Осы туралы айта кетсеңіз…

– Біз қоғамдық бірлестік ретінде 12 мамырда тіркеуден өттік. Жарғымызда спорттық зерттеулер және бұқаралық спорт түрлерін көрсеткен едік. Соған сәйкес болашақта дәстүрлі түрде жалғасатындай болу үшін ұйымдастырып жатқан іс-шарамыздың бірі – қазақтың ұлы ақыны Абайдың құрметіне өткізіледі. Атауы – «Abay joly» ultra trail деп аталады. Яғни елімізде тұңғыш рет 100 мильдік жарыс өтеді. Өздеріңіз білесіздер, 10 тамыз ақын атамыздың туған күні. Екі жылдан кейін 180 жылдық мерейтойы келе жатыр.

Қазақстанда бұған дейін жеңіл атлетикада 100 миль немесе 160 шақырымдық қашықтыққа жарыс өтпеген. Бірақ ол қашықтықта бақ сынап жүрген елімізде, шетелде желаяқтар бар. Сондықтан екі жағдайды ескердік. 9 тамыз күні Семейдегі Абай ескерткішінен старт басталады. Ал мәре Жейдебайда аяқталады.

Ультрамарафон – шахматтағы гроссмейстерлік турнир секілді үлкен дайындықты қажет етеді. Ол 5 және 10 шақырым емес. Жарты айда дайындалып шыға алмайсың. Сосын Семейден Бөрліге деін қосымша 50 мильдік яғни 80 шақырымдық марафонға да қосымша өтініштер қабылдап жатырмыз. Одан бөлек, қатысушылардың санын 50-ден асырмаймыз. Өйткені, қауіпсіздік мәселесі бар. 100 мильдікке бақ сынайтынға соңғы екі жылда кем дегенде 12 сағаттық ультрамарафонға қатысқан болуы тиіс. 50 мильге жүгіретін кемі 6 сағаттық марафонды жүгіріп өткені хаттамалар арқылы дәлелденуі керек.

– Қатысушылардың географиясы қалай болып жатыр?

– Қазірге дейін 20 қатысушыдан өтініш келіп түсті. Көбісі, Астана қаласынан. Сосын өңірлерден бар. Төрттен бір бөлігі Семей қаласының спортшылары.

– Жалпы, мұндай ұзақ қашықтыққа жүгіру кезінде тоқтап тынығуға мүмкіндік беріле ме?

– Әрбір 10 шақырым сайын тамақтану пункті болады. Тіскебасарлар беріледі. Сосын 50 шақырымнан кейін ыстық тамақ беріледі. Қасқабұлақтың тұсында, Арқат тауынан шыққаннан кейін жақсылап тамақ ішіп алады.

– «El Sport» қоғамдық бірлестігі жақында құрылды. Кімдер демеушлік көрсетіп жатыр? Қатысушыларға қандай да бір жүлде қоры қарастырлған ба?

– Жарғы бойынша «El Sport» қоғамдық бірлестігінің қаржысы қатысушылардың жарнасынан, демеушілердің көмегінен құралады. Болашақта мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, әлеуметтік жобаларға қатысамыз деп отырмыз. Әзірге ел «El Sport» қоғамдық бірлестігі мүшелері қосып отыр. Ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлер тарапынан әзірге көмек жоқ. Оларға өтініш жасадым. Бірақ жағдайлары мәз емес екенін айтты. Қазір жеке тұлғалар, таныстарым, спортсүйер азаматтардың жеке жүлдесі болады деп күтілуде. Мысалы, Ақбұлақтың тұрғындары еңбек ардагерінен атынан жүлде тағайындамақшы. Ақсуат ауданынан азаматтар көпбалалы анасының атындағы жүлдені табыстамақшы. Мұның еш айыбы жоқ деп санаймын. Бірінші жағынан спортты қолдау, екінші жағынан еңбек ардагерін ұлықтау.

Айта кетейік, бұған дейін «Bas Media Group» және «El Sport» қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

El Sport – спорт саласына бейімделген республикалық қоғамдық бірлестік. Бірлестікті құруға әлеуметтану, педагогика, филоcофия мен дене шынықтыру, биология, математика ғылымдарының мамандары, профессорлар, журналистер, кәсіпкерлер мен спорт шеберлері атсалысқан. 2023 жылдың 23 мамырында бірлестік заңды түрде тіркелді. Оның басшысы – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Рамазан Саттарұлы.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button