Абай облысыҚоғамТОП

Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобы Курчатовта өнер көрсетті

19 шілдеде Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобы Абай облысына қарасты Курчатов қаласына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов бастап келген делегацияны өнерпаз әжелер қарсы алды.

Әскербің бас тәрбиешісі бірінші 3514 әскери бөліміне барды. Ондағы жауынгерлік қызмет пен сарбаздардың жағдайына үңілді. Содан соң ҚР Энергетика министрлігінің «Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы» мемлекеттік кәсіпорнына бет алды. Ол жерде кәсіпорынның басшылығымен кездесіп, музейге экскурсия жасады. Насихаттық топ мүшелері ядролық қару полигондары жайлы қызықты деректермен және жәдігерлермен танысты. Генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлы музейдің естелік кітапшасына қолтаңба қалдырып, мекеме қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

Осыдан соң ол қала әкімі Болат Әбдіралиевпен кездесу өткізді. Жүздесуде Курчатов қаласының тыныштығын күзетудегі ұландықтардың қызметі сөз болды. Бұдан бөлек генерал-майор Қайрат Үмбетов әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселесіне назар аударып, әкімдік тарапынан жасалатын қолдаулар туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Сондай-ақ Халық қаһарманы сапар барысында көп балалы әскери қызметшінің үйіне соқты. Бұдан бөлек қала әкімімен бірге Курчатов қаласында тұрып жатқан тыл еңбекқоры Сақыш Жүндібаеваның шаңырағына арнайы барды. Сақыш Жүндібаева 14 жасынан бастап еңбекке араласқан. Аштық пен сұрапыл соғысты басынан өткерген қария «Батыр ана» алқасының иегері. Өмірге он бала әкелген ақжаулықты ана көп жылғы еңбегі үшін мерейтойлық медальдармен марапатталған. Бұл жолы оған Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің солистері мен ерлер хоры кейуанаға арнап, өз өнерлерін көрсетті.

93 жасқа аяқ басқан қарт ана өзін елеп-ескеріп келген қауымға ризашылығын білдіріп, пәтер мәселесін қозғады. Кезегі келген тұста іс-шараға қатысып отырған жергілікті атқамінер бұл мәселеге қатысты жақсы жаңалығы бар екенін жеткізді.

«Биылғы қыркүйекте әкімдік Курчатов қаласында 64 отбасыға пәтер табыстауды жоспарлап отыр. Соның ішінен сізге де бір пәтер дайын тұр.  Сол себепті осы бастан көшуге дайындала беріңіздер», деді Курчатов қаласының әкімі Болат Тансықбайұлы сүйінші жаңалықпен бөлісіп.

Мұндай жаңалықты күтпеген қария қуанышын жасыра алмады. Жиылған қауымға ақ тілегін жаудырып, батасын берді.

Сондай-ақ дәл осы күні қалалық мәдениет үйінде Ән-би ансамблінің көшпелі концерті өтті. Әскери қызметшілер сахнада ұлттық аспаптарда ойнап, халық әндерін шырқады. Келушілердің көптігінен мәдениет сарайына симай қалған көрермендер де болды.

«Ансамбльдің ұжымына айтар алғысым шексіз. Өнерлеріне тәнті болдық. Біздің қалаға жиі келіп тұрсаңыздар жақсы болар еді. Әрі жастардың санасына сәуле түсіріп, елдік пен ерлікке еліктейтін балалардың санын арттырар едік», деді Шынар Тілеулинова есімді қала тұрғыны.

Айта кетейік, үгіт-насихатшылар 20 шілде күні Павлодар қаласының жағалауында сапарын қорытындылайды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button