Абай облысыМәдениетҚоғамСемейТОП

Абай елінде әскерилер ән салды

Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобы Абай облысына барды. Сапар барысында әскердің бас тәрбиешісі, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевпен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Жүздесуде құқықтық тәртіп әскерінің әлеуеті мен жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мәселесі талқыланды.

Содан соң генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлы Семей қаласында тұратын ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер, Халық қаһарманы Әбдіғали Қаймолдинге құрмет көрсетіп, кездесу ұйымдастырды. Ардагер тұратын үйдің ауласында 5511 әскери бөлімінің оркестрі сап түзеп, ескі әндерді орындады.

«Біз бүгін Халық қаһарманы, әскери барлау полковнигі Әбдіғали атамызға келіп, қал-жағдайын сұрадық. Ғасыр жасаған қарияға шағын концерттік бағдарлама әзірлеп әкелдік. Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобының мұндай қадамға барудағы мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу. Сонымен қатар Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан секілді күш құрылымдары қатарында қызмет атқарып отырған сарбаздар мен сардарлардың имиджін нығайту көзделген», деді Қайрат Жарылқасынұлы.

Сондай-ақ ол сұрапыл соғысты басынан өткерген алып азаматқа Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан алғыс хат табыстады.

Айтулы оқиғаны тамашалауға ардагерлердің туыстары мен көрші-көлемі жиналған. Қатысушылардың арасында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар да болды. Қария құттықтап келген қауымға ризашылығын білдіріп, батасын берді.

«Маған құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп рахмет!  Айтып жатқан алғыстарың үшін қуаныштымын. Әр уақытта, әр қадамдарың сәтті болсін. Істеріңе береке тілеймін. Халыққа еңбек ете беріңдер», деді 102 жастағы ақсақал.

Ұландықтан осыдан кейін қаладағы қарттар және мүгедектер үйіне барды. Мұнда Ұлттық ұланның солистері мен 5511 әскери бөлімінің оркестрі егде жастағы жандардың көңілін аулап, өнерлерін көрсетті.

«Әскери қызметшілердің біздің қарияларымызды, ерекше жандарды елеусіз қалдырмайтыны көңіл қуантады. Жыл сайын түрлі іс-шараларда Ұлттық ұланның әскери бөлімдері бізді ескерусіз қалдырған емес. Мұндағы кісілер өздеріне өзгенің көңіл бөлгенін қалайды. Өздерін қоғамнан жырақ ұстамауға тырысады. Сол себепті де бүгінгідей іс-шараның маңызы орасан. Біздің мекемедегі жандарға әскерилердің өнері ұнады», деді Семей қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйінің директоры Гүлмира Сексеналинова.

Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат жұмыстары концерттік бағдарламамен жалғасты. Кешкілік қалалық мәдениет үйінде Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің көшпелі концерті өтті. Онда ансамбль солистері семейліктерге дәстүрлі әндер мен рухты жырларды жеткізді. Мың бұралған бейшілер көрермендердің ыстық қошеметіне бөленді. Сондай-ақ әскери қызметшілер жуырда Абай облысында болған орман өрті салдарынан қаза тапқан марқұмдарды еске алды.

Талантты жастардың өнеріне деген ілтипат ретінде өңір басшысы Нұрлан Телманұлы мен облыстық ПД басшысы Сұлтан Бектөре ықылас гүлдерін жолдады.

«Абайдың «Әннің де естісі бар, есері бар» деген аталы сөзі бар. Бүгін біз «жанамын деген адамға рух беретін, от беретін» қасиетті өнердің куәгері болдық. Бұл өнердің көші кәрі Ертісті жағалай қонған Кереку, Өскемен жерін басып өтіп, бүгін, міне, ұлы Мұхтар, Шәкәрім, Абай туған қасиетті топыраққа арнайы бас тіреп отыр. Өнер көші байсалды болсын! Осында жиналған жас өскіндер сахнада шырқалған рухты әндер мен ұлттық биді көріп өссе, Отанын сүйген азамат болып қалыптасатыны сөзсіз», деді Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев.

Айдар Серікқазыұлы өнер көшін бастап келген генерал-майор Қайрат Жарылқасынұлына және Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі аға лейтенант Алпамыс Асылбекке облыс әкімі атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Кеш соңында жиылған жұрт өнерпаздарды қаумалап естелік суретке түсті. Өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

«Бүгінгі концерт жоғары деңгейде өтті. Отбасымызбен келдік. Келгенімізге еш өкінбеймін. Жалынды жастардың өнерін міз бақпай тамашаладық. Олардың әндері құлақ құрышымызды қандырды. Әндерін де ерекше талғаммен таңдаған екен. Семейге жиі келіп тұрыңыздар», деді Айзат Серікқанова есімді қала тұрғыны.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button