Абай облысыҚоғамҚұрылысСемейТОП

Абай облысының әкімі құрылыс жұмыстарының қарқынын жылдамдатуды тапсырды

Күз мезгілі ерте жететін Абай облысында құрылыс маусымының мерзімі ұзақ болмайды. Өңір орталығында жоспарланған жұмыстарды уақытында тапсыру мақсатында аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев әр аптада құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын қадағалауда, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Бүгін Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы Мәңгілік ел, Жамақаев көшесін жаяу аралаудан бастады. Жоспарға сәйкес Мәңгілік ел көшесі бойында қала тұрғындары демалып, серуендейтін жаңа аллея салынады. Ал Жамақаев көшесінде қоғамдық кеңістік болады. Жобаға сәйкес, ол жерде аллея, балалардың ойын және спорт алаңдарын, демалыс және фудкорт орындарын салу көзделген.

Облыс әкімі жөндеу жұмыстары барысымен танысып, мердігер компания өкілдеріне құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтауды қатаң түрде тапсырды.

«Қалада қолға алынған жобалардың әрқайсы маңызы. Оларды белгіленген уақытында тапсыру – үлкен жауапкершілік. Қаншама тұрғын күтіп отыр. Сондықтан қыркүйек айына дейін бұл жердегі құрылыс жұмыстарының бәрі аяқталуы керек», – деді Н.Ұранхаев.

Бұдан кейін облысы әкімі Семей қаласының жылу құбырлары магистральдарының жөндеу жұмыстарын тексерді. Нақтырақ айтсақ, ЖЭО-1 қазандығының насос стансасын және ол жерден шығатын жылу магистральдарын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Тозығы жеткен құбырларды ауыстыру 21 маусымнан басталған. Жалпы ұзындығы – 10 шақырымнан астам құбыр жаңартылады. Қазіргі күні қажетті материалдар жеткізіліп жатыр. Мердігер компания өкілдері жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асып жатқанын және жылу маусымына дейін толық қолданысқа беруді жоспарлап отырғанын баяндады. Айта кетсек, 2017 жылғы зерттеу қортытындысы бойынша бұл учаскедегі құбырлар 100 пайыз тозып кеткен. Соның салдарынан жылу маусымы кезінде үлкен қысымды көтермей, апаттар жиі қайталанатын.

Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының сыртқы сәулетін жақсарту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар барысымен де танысты. Оның ішінде М.Дулатов көшесінің бойындағы гүл сататын нысан иелерімен кездесті. Жақын уақытта бұл жерде құрылыс жұмыстары басталып, барлығы заманауи біркелкі келбетке келтіріледі.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button