Төтенше жағдайлар министрі Абай облысының тұрғындарымен кездесті

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысына іс-сапарымен келіп, облыс халқымен есептік кездесу өткізді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Жиынға жергілікті атқарушы органдар, өртке қарсы қызмет және облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еріктілер, облыс тұрғындары мен жастар қатысты.
«Жыл басынан бері Абай облысының құтқарушылары 300 астам адамды құтқарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бұл ретте өңірде бес жүзден астам төтенше жағдай тіркелді», – деді министр.
Облыс бойынша 90% оқиғалардың басым бөлігі тұрмыстық және өндірістік өрттер құрайды. Министр атап өткендей, мұндай оқиғалардың көбі жылыту маусымы кезінде орын алады. Бірінші жартыжылдықта министрлік төтенше жағдайлар кезінде қаза тапқандардың өсуіне жол бермеді, олардың саны 8,4%-ға азайды. Бұл ретте республика бойынша 6 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген.
«Абай облысында 200-ге жуық өрт сөндіру техникасы бар. Бізде тікұшақтар барлық республикаға арналған. Дегенмен де, Абай облысына арналған 1 тікұшақ кезекшілікте тұр. Былтыр республика бойынша 242 техника алынған болатын. Оның 60% жергілікті атқару органдарынан, қалғаны бюджет есебінен алынды. Абай облысы бойынша техниканың 30% жуығы ескірген. Дегенмен де, ескі техниканы өз кезеңімен қолдануға болады», – деп атап өтті министр.
Абай облысындағы су айдындарының басым бөлігі шомылу үшін қауіпсіз емес. Облыс бойынша тек 8 рұқсат етілген орын бар. Осыған байланысты Сырым Шәріпханов жергілікті атқарушы органдардың назарын шомылу үшін қауіпсіз орындарды ұлғайту, оның ішінде баламалы стационарлық бассейндерді қарастыру қажеттігіне аударды.
Сондай-ақ, министр Бесқарағай ауданында екі өрт сөндіру бекетінің ашылатынын жеткізді. 2025 жылға дейін өңірде осындай тағы 14 бекет құру жоспарланған.Қосымша өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендерде баламалы тәртіпте 150-ден астам ерікті құралым мен 50-ден астам өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді, олар қажетті техникамен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.
Semeynews.kz