Полиция қызметкері – бұл жай ғана мамандық емес, өмір сүру әдебі
Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.
Бауыржан Момышұлы
Мамандық – өмір таңдауы деген қазақта жақсы сөз бар. Бала кезімізден мамандықтан шатаспауды ата – анамыз үйреткен болатын. Бүгінгі талай жастарға үлгі болар азаматымыз – полковник Малабаев Мирболат Серікұлы. Ішкі Істер Министрлігінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған, нар тұлғалы азамат иығына туған елінің ауыр жүгін артарын және сол артылған жүктің барар жеріне жеткізілу қажеттігін мойындау азаматтық парыз екендігін ешқашан ұмытпаған.
Қазіргі заманда көптеген жас буын өкілдері өздері қаламайтын кәсіп таңдауға міндетті. Дегенмен де өз жолын таба білген адамдар да көп. Солардың қатарына Мирболат Серікұлын жатқызуға болады. Табандылығымен, қайраттылы¬ғымен, ептілігімен көзге түскен іскер азаматтың иығына жүктелген қайсар мінезінің арқасында инженер мамандығынан, Департамент бастығына дейін көтерілген. Ат жалын тартқан тұлғаның жанында халықтың қамы жүретіні ақиқат. Адам арлы болса, ақиқаттан аттамай¬тыны шындық. Жақсылардың сарқытын ішіп, ұлағаттылардың үлгісін көріп өскен ол жастайынан ойы жүйрік, ұшқыр болды. Қашанда халық өзі туып, өзі өсірген ұлын жасаған еңбегіне қарап бағалайды. Жасынан әр ісіне мұқият қарап, табандылық танытып өскен азаматтың өсу жолдары қиядан-қияға өрлеп, шыңға бастап апарған.
Малабаев Мирболат Серікұлы – Батыс Қазақстан Облысы, Қаратөбе ауылында 1958 жылдың 15 шілдесінде дүниеге келген. Оның лауазымдары мен атақтарының, марапаттарының және ІІМ органдарындағы ашылған істердің қызметтік тізімі өзінің адал еңбегінің нәтижесі екендігіне толық дәлел. 26 жасында алғаш СЕ-165/3 мекемесіне кіріп, қызметтік жолын бастайды. Міндеттердің ауқымы, оның көлемі мен жауапкершілігі арқасында көптеген жоғары лауазымдарға ие болып, 2010 жылдың сәуір айында отставкадағы полковник атағымен еңбек демалысына шығады. Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Күнделікті өмірде ол үлгілі отбасы адамы, адал жар, балаларының сүйікті әкесі, немерелерінің қамқор атасы.
Полиция қызметі – халық сенімінің айнасы деген ұстанымды кейіпкеріміз жадынан өшірген емес. Соңғы кездері тәртіп сақшыларына деген құрмет бәсеңдеп бара жатқан тәріздес. Десек те өз ісіне жауапты қарайтын сақшылардың бар екендігін ұмытпаған жөн. Полиция қоғамдық өмірдегі экономика, саясат, мәдениет сияқты сала. Олар біздің үстіміздегі бейбіт аспанға жауапты және бұл жұмыс өте күрделі, қауіпті. Біздің елде өз істеріне шын жүректен берілген, күндіз де, түнде де кез келген уақытта адамдарды құтқаруға баруға дайын өз ісінің майталмандары жетерлік. Мирболат Серікұлы заңсыздықпен, құқық бұзушылармен, қылмыскерлермен және қарақшылармен күрестегі баға жетпес тәжірибесін жинады. Кәсіби тәжірибе мен шеберлікке ие бола отырып, өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа шеберліктің және дағдылардың баға жетпес құндылықтарын дәріптеуді Мирболат мырза бір сәт болсын ұмытпаған. Сонымен қатар ол кәсіптің маңызды екендігін жас сақшыларды үйретті.
Кәсіпке деген адалдығын іс-әрекеттермен дәлелдейтін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін халқымыз құрметтейтіні хақ. Кеңес заманынан тәуелсіздік тұғырына дейін адал қызмет атқарған полковник Мирболат мырза күні бүгінге дейін өз ісіне деген махаббатын жоғалтқан емес.
Бүгін Мирболат мырза 65 жылдығын тойлап жатыр,осыған орай Абай облысының КАЖ департаментінің бастығының орынбасары Ғалымжан Мұқатаевич мен кадр саясаты басқармасының бастығы Райгүл Милатовна Мирболат Серікұлын туған кунимен құттықтап , зор денсаулық, отбасылық бақыт тіледі.
Semeynews.kz