Абай облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінен өңірлер арасында үздік шықты
Өңірдің жетістіктері инвестиция, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларынан көрінді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында 2023 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров атап өтті.
⠀
«Барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша өңірлер арасында ең жоғарғы өсім 6 өңірде – Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады», – деді сала министрі.
⠀
Инвестициялық өсімнің ең жоғары қарқыны Абай облысында тіркелген. Өсім – 54,2 пайыз. Инвестиция негізінен көлік және қойма, сауда, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларында өскен.
⠀
Өңірдің өңдеу өнеркәсібі де өсудің оң нәтижесін көрсетті. Өндіріс көлемінің ең жақсы көрсеткіштерінің бірі Абай облысында да байқалды. Оның өсімі – 19 пайыз.
⠀
Аймақ құрылыс секторының көрсеткіштері жөнінен де алдыңғы қатарда тұр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының өсімі бойынша Абай облысы Жетісу облысынан кейін екінші орыннан көрінді (66,1%). Сонымен қатар, тұрғын үйді пайдалануға берудің өсуі де байқалады. Ол – 30,7 пайыз.
⠀
«Биылғы қаңтар-маусым айларында 7,4 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңдегі көрсеткішінен 11,8% пайыз артық. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Абай облыстарында байқалады», – деді Әлібек Қуантыров.
⠀
Абай облысының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін де атап өту қажет. Мұнда сарапшылар 3,2 пайыз өсім барын атап өтті.
⠀
Биылғы жарты жылда жеткен көрсеткіштерді одан әрі ілгерлету мақсатында Абай облысы әкімдігі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Semeynews.kz
⠀