Семей қаласы бойынша бірнеше жыл бойы жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанушылар саны тұрақты, эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған “Жіті ішек инфекцияларының, сальмонеллездің, энтеровирустық инфекцияның, гельминтоздың және иммунопрофилактиканың алдын алу” тақырыбындағы брифинг барысында ҚР ДСМ Абай облысының СЭБК Семей қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Динара Тілекина айтып берді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
” 2021 жылы Семей қаласы бойынша описторхозбен 11 адам, 2022 жылы – 8 адам ауырса, ағымдағы жылдың басынан бері 3 жағдай тіркелді. Описторхоз жағдайлары су көлігі қызметкерлері арасында профилактикалық тексеру нәтижесінде 75% екендігі анықталды. Мамандардың пайымдауынша бұл аурудың ең үлкен ошағы Ертіс өзенінде. Шикі, термиялық өңделмеген, тұздалған немесе ысталған балықтарда болатын паразиттер ішкі ағзаларға кері әсер етеді. Ерекше қауіпті болып саналатын қарақұйрық, ақжелкен, елец, лин, сазан және күміс мөңке. Описторхозды балықты тікелей тұтыну кезінде ғана емес, оны кесу үшін қолданылатын ыдыс – аяқ пен ас құралдарын пайдалану арқылы да жұқтырып алуға болады”, – деді Динара Тлекина.
Дәрігерлер сонымен қатар ағымдағы жылы аскаридоз ауруы көрсметкішінің төмендегенін атап өтті. Өткен жылы науқастардың саны 31 болса, 2023 жылдың 4 айында 20 адам. “Аскаридоздың ең көп таралуы ет комбинаты мен Жоламан аудандарында, сондай-ақ қаланың орталық бөлігінде тұратын тұрғындар арасында тіркелген. Жұқпалы аурудың негізгі себебі – гигиенаның бұзылуы. Сондықтан аурудың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау маңызды”, – деп атап өтті эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің мамандары.
Semeynews.kz