Абай облысының әкімі Семей тұрғындарын жеке қабылдады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының тұрғындарымен кездесуден кейін жеке мәселемен жазылған азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Облыс әкімі шамамен үш сағат ішінде 30-дан астам адамды жеке қабылдады.
Семейліктерді толғандыратын мәселелердің бірі – тұрғын үй. Өңір басшысының қабылдауына негізінен көпбалалы және жалғызбасты аналар, зейнеткерлер жазылған.
Жеке әңгімелесу форматында өткен кездесуде облыс әкімі азаматтардың толғандырған мәселелерді тыңдап, оларды қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды. Сондай-ақ, қажетті құжаттарды дайындауға көмек көрсетуді Семей қаласының әкіміне тапсырды.
Тұрғындар табиғи апатқа байланысты орман шаруашылығын заманауи техникамен және байланыс құралдарымен жабдықтау мәселесін де көтерді. Облыс басшысы арнайы комиссия осы проблемалардың бәрін қарастырып, жиналған қаражаттың көп бөлігін дәл осы мақсаттарға жұмсайтынын жеткізді.
Semeynews.kz