ҚазақстанҚоғамТОП

Сенат Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңды мақұлдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңы мен іліспе құжат мақұлданды, – деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, құжаттағы нормалар бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен оған іргелес жатқан жерлердің аумағындағы радиациялық және экологиялық қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етеді. Оның ішінде, елдің ғылыми әлеуетін дамыту бойынша мемлекеттік бақылауды күшейтуде, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануда және басқа да бағыттарда Қазақстанның ұстанымын нығайту ескерілген.

Заңда мыналар:

– кешенді экологиялық зерттеу және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелерінің негізінде Семей ядролық сынақ полигонының нормативтен тыс ластанған учаскелерінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын (СЯҚА) құру;

– СЯҚА аумағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

– СЯҚА жерлерін ведомстволық бағынысты ұйымның жер пайдалануына беру;

– ведомстволық бағынысты ұйымға СЯҚА қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуетін дамыту жөніндегі негізгі міндеттерді жүктеу ескерілген.

«Заңды іске асыру 2027 жылға дейін республикалық бюджеттен 3 млрд 596 млн теңге сомасында қосымша қаржы шығындарын талап етеді. Шығындар республикалық бюджет комиссиясында қолдау тапты», – делінген Сенат комитетінінің мәліметінде.

Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жерді пайдалану мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейтеді, аумақты оңалтуды, радиоэкологиялық мониторингті ұйымдастыруды және елдің ғылыми әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді. Уәкілетті ұйым – ҚР Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық орталығына функцияларды заңнамалық тұрғыда беру аса маңызды болып отыр.

«Заңды қабылдаудағы маңыздылығына тоқталсақ, оны жүзеге асыру нәтижесінде ядролық сынақ полигонының радиоактивті ластанған аумақтары мен ластанбаған жерлері ажыратылады. Ластанбаған алқапты ауыл шаруашылығына арналған жерлердің санатына енгізуге болады. Бұл тұрғыда 1 млн гектар жер ескерілген», – деді сенатор Ольга Булавкина.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button