Семей өңірінде ауылшаруашылық саласының дамуы
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қалалық ауылшаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ержан Сүлеймен осы салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Семей қаласына қарасты 12 ауылдық округте 6 ауыл шаруашылық кәсіпорны, 581 шаруа қожалығы (528 мал шаруашылығымен, 53 өсімдік шаруашылығымен айналысады), 24 ауыл шаруашылығы кооперативтері бар.
Осы жылдың 5 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 12086,3 млн теңге болып, 11,2 мың тонна ет, 11,6 мың тонна сүт, 2,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Негізгі капиталға 1753,0 млн.теңге инвестиция салынып, 10 пайызға өскен.
Ағымдағы жылы жалпы дақылдар егілген егістік алқабы 17 350 га құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 74 га артық.
Аталған алқапқа 567 га дәнді дақылдар, 3 779,5 га картоп, 1 516,2 га көкөніс және бақша дақылдары, 5 728 га алқапқа майлы дақылдар егілді. Азықтық дақылдардың көлемі 5 759 га құрады. Биылғы жылы осы алқаптардан 123 000 тонна жалпы өнімдер алынуы күтілуде, оның ішінде 75 000 тонна картоп, 36 000 тонна көкөніс, бақша өнімдері және басқалары.
Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 844 тонна дизель отыны толығымен игерілді.
- 26 шаруашылық 287,8 млн теңгеге өтінім беріп 20 жобаға 220,0 млн теңге қаражатқа 320 бас ауыл шаруашылығы малдарын және 13 дана техникаларын сатып алды.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды бағыттар бойынша және өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары минералдық тыңайтқыштар, сортты тұқымдар, су пайдалану бойынша 861,0 млн теңге субсидия төленді,- деді Ержан Сүлеймен.
Семей қаласы бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында 2022-2025 жылдарға жоспарланған 7 инвестициялық жоба іске асуда.
- Олардың бірнешеуіне тоқталсақ «Майлы, дәнді және мал азықтық дақылдар өндірісі» «BA Agro Invest Group» ЖШС. Жоба құны – 3537,0 млн теңге өз қаражаты есебінен. Жүзеге асырылу мерзімі – 2022-2025 жылдар аралығында, жалпы 7022,9 га суармалы жер игеріледі.
Екінші «Ет және балық консерілерін шығаратын ет-консерві зауытының құрылысы», жобаны орындаушы «YqylasInvest» ЖШС, қуаттылығы жылына 600 тонна дайын өнімдер шығару. Мерзімі 2022-2023 жылдары аралығында. Өткен жылы 260,0 млн теңге өз қаражаттары есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіліп аяқталды. Қосымша 340 млн теңгеге қондырғылар және жиһаздар алынып орнатылуда. Өндірісті іске қосу 3 тоқсанға жоспарлануда. 100 адам жұмыспен қамтылады.
Үшінші «Тәулігіне 35 тонна ет өңдеп және ет өнімдерін шығаратын ет комбинатының құрылысы», жүзеге асырушы «EurasiaAgroСемей» компаниясы. Мерзімі – 2022-2024 ж. Қосымша бір мерзімде 10,0 мың бас қой және 1,0 мың бас бордақылайтын алаң жабдықталады. Барлық инфрақұрылым мен қүрделі құрылысқа 9,795 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі күні комбинат құрылысына әзірленген ЖСҚ экспертизаға жіберілуде.
Төртінші «200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын қайта жабдықтау», жүзеге асырушы «Калиханұлы» шаруа қожалығы. Іске асыру мерзімі – 2023-2024 ж., жоба құны – 300,0 млн теңге несиелік қаражаты. Жобаға сәйкес 200 бас Симментал және Гольштин сүтті бағыттағы ірі қара малын шетелден сатып алады. Биылғы жылы 200 га алқапқа майлы дақылдар және 200 га дәнді дақылдар егілді. Суландыру мақсатында өз қаражатына егістік алқабына Ертіс өзенінен (0,6 км) магистралды су құбырын жүргізіп 2 жаңбырлатқыш қондырғысын орнатты. Жоба жалғастырылуда, – деді бөлім басшысының орынбасары Ержан Сүлеймен.
Осы жылдың бес айында 72 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп 450,0 млн теңге арзандатылған өнім саудаланды.