Абай облысыҚоғамСемейТОП

Абай облысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» Ұлттық құрылтайының ІІ отырысын талқылауға арналған жиын өтті

Іс шара барысында мәдениетті, ұлттық бірегейлікті дамыту және жастарды тәрбиелеу мәселелері қарастырылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Абай облысының әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын маңызды аспектілерді қозғағанын айтты.

«Өткен сенбіде еліміздің рухани астанасы Түркістанда Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысы өтті. Шекара маңындағы аудандардың тағдыры халықтың толғандыратын мәселелерінің біріне айналды. Осыған байланысты Президент Абай облысының Мақаншы ауданын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда деп сеніммен айтуға болады», – деді Нұрлан Ұранхаев.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Мақаншы ауданын дамыту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Халық қалаулысы білім беру, мәдениет объектілерін салу, кәсіпкерлер үшін субсидиялар, шағын және орта бизнес пен интернет кезекті күттірмейтін мәселелер екенін тілге тиек етті.

Ұлттық құрылтайда Президент – ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті ілгерілету қажеттігін, сонымен қатар мәдени мұраны жан-жақты насихаттауды көтерген еді. Мұндай тәсіл елдің оң имиджін нығайтуға жәрдемдесуге, сыртқы саяси бастамаларды іске асыру және әлемдегі бизнестің ұстанымын нығайту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік беретін айта кеткен жөн.

«Біздің дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз, аңыздармен тарихымызды заманауи технологиялар арқылы ілгерілетуге болады. Біз балабақшаларға арналған 3D-ойыншықтарды әзірлеудеміз. Олар балалардың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, біздің мәдениетімізді үйретеді. Әр ойыншық ұлттық нақышта жасалған. Сондай-ақ, біз анимациялық мультфильмдер мен мобильді ойындар шығаруға дайынбыз. Онда еліміздің тарихын терең беруді мақсат тұтып отырмыз», – деді «Abai IT-Valley» технокластерінің негізін қалаушы Асхат Бейсембаев.

Алқалы жиында жастарды тәрбиелеу, олардың өзін-өзі тануы үшін жағдай жасау, салауатты өмір салтын насихаттау тақырыптары да талқыланды.

«Көптеген маңызды аспектілер талқыланды. Егер құрылтай туралы айтатын болсақ, ол жерде әлеуметтануға, әлеуметтік танымға назар аударылғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы әлеуметтануға көп қаражат жұмсалғанын, бірақ нәтиже жоқ екенін де айтты. Сондықтан болашақта әлеуметтану орталығы да пайда болуы керек. Бұл біздің жастар үшін үлкен мүмкіндік. Абай облысында да оған қажетті мүмкіндіктер жасалуда», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза.
Қорытындылай келе, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев әр адамның өңірдің дамуына қосқан үлесі ерекше маңызды екенін атап өтіп, жиында айтылған ұсыныстар мен тілектерді назарға алынатынын жеткізді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button