Абай облысыБілімҚазақстанҚоғамСемейТОП

«Бастау» XVI Республикалық математикалық олимпиадасында Абай облысы ІІ орын иеленді

Бастауыш сынып оқушыларының математикалық қабілеттері дамыған балаларды айқындау, қолдау және математикадан білімдерін тереңдету мақсатында 2023 жылғы 9-13 маусым аралығында Алматы қаласында 2-4 сынып оқушылары арасында «Бастау» ХVI Республикалық математикалық олимпиадасы өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Олимпиадаға Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Республикалық физика-математика мектептері және Республикалық жеке меншік білім ұйымдарының қауымдастық мектептерінен 138 оқушы қатысты.

Іс-шара үш айналым бойынша өткізілді: 1 айналым – «Әу баста!» (жазбаша командалық есеп), 2 айналым – «Көкпар» (ауызша командалық есеп), 3 айналым – «Математикалық бәйге» (ауызша-жекелей есеп).

Олимпиадаға Абай облысының командасы құрамында олимпиаданың облыстық кезеңінің Бас жүлде иегерлері – Семей қаласының «Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназия» КММ оқушылары Тұрлыбек Фархад (4-сынып), Кусманов Елназар (3-сынып), Ерлан Раяна (2-сынып) қатысты.

«Математикалық бәйге» ауызша-жеке олимпиадасының қорытындысы бойынша Тұрлыбек Фархад (4-сынып) – І орынды жеңіп алды, Кусманов Елназар (3-сынып) – ІІ орынды, ал Ерлан Раяна (2-сынып) – ІІІ орынды иеленді.

Олимпиада қорытындысы бойынша командалық есепте Абай облысының командасы («Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназия» КММ) ІІ жүлделі орынды жеңіп, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Дарынды балалармен жүйелі және мақсатты түрде жұмыс жүргізетін Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназияның бастауыш сынып мұғалімдері Асем Мукановна Азаматова, Гүлмира Қалыбекқызы Нұрғабиева, Умітнұр Курмангазиевна Чегебаеваларды атап өтуге болады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, олардың ата-аналары мен ұстаздарын құттықтаймыз!

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button