Абай облысыҚоғамОқиғаТОП

Сергей Архипов өрт кезінде қаза болғандар тізіміне қосыла ма – министр жауабы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Абай облысындағы өрт салдарынан қаза болғандардың тізіміне тракторшы Сергей Архиповты қосуға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден Абай облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған 14 адамның қатарына Сергей Архиповты қосу мүмкіндігі туралы сұрақ қойды.

«Үкіметтік комиссия құрылды. Олар қор жағынан қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетінін анықтайды. Оның (Сергей Архипов) қайтыс болғанын ескере отырып, асырауында қалған адамдар болса, онда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер қарастырылады. Бұл қаражат міндетті түрде төленеді», – деді Т. Дүйсенова.

Оның айтуынша, оны қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандар тізіміне енгізу мәселесін комиссия шешеді.

Сондай-ақ ол министрлік қазір «Семей орманындағы» жұмыс жағдайын тексеріп жатқанын айтты.

«Алғашқы күннен бастап біздің еңбек инспекциямыз сол жерде жүр. Атап айтқанда, бас еңбек инспекторы да аталған облыста еңбек ету жағдайын тексеріп жатыр», – деді Тамара Дүйсенова.

Еске салайық, кеше Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Сергей Архипов Семей орманындағы өрттен қаза болғандардың тізіміне енгізілмейтінін айтқан болатын.
Естеріңізге сала кетсек, Instagram-дағы парақшалардың бірінде Сергей Архипов Абай облысы аумағындағы өртті сөндіруге көмектесу үшін тракторымен шығып кетіп, із-түзсіз кеткені туралы ақпарат тараған еді. Ол соңғы рет 9 маусым күні хабарға шыққан. Алдымен оның тракторы табылды. Кейін, 10 маусым күні 36 жастағы С.Архиповтың денесі анықталды. Жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес ер адамның өлімі жүрек ауруынан – кардиомиопатиядан болғаны анықталды.

8 маусым күні тұтанған «Семей» орманы резерватындағы өртпен күреске жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды.

Бүгін Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев өрт 4-5 күнде ауыздықталуы мүмкін екенін айтты.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button