1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өседі
1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы өседі, ал материалдық-техникалық базасы 2027 жылға қарай 100 процентке жаңарту жоспарланған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сұлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінген. Ал өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарастырылған.
«Былтыр және биыл болған өрттерде, жалпы орман шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдайды көрсетеді. Осы мәселені Мемлекет басшысы да айтып өтті. Әрине, осы мәселеге байланысты өртті болдырмау, алдын алу, сонымен қатар материалдық-техникалық қамсыздандыру, орманшылардың жалақы мәселелері қосымша пысықталады», – деді З. Сүлейменова Jibek joly телеарнасының «Жаңа уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында.
Нақты Семей орманына қаншалықты залал келгенін өрт толық сөндірілген соң арнайы комиссия есептейтін болады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасуда (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер). Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.
Semeynews.kz