
Еуропалық парламенттің Орталық Азия және Моңғолия елдері бойынша делегация басшысы Томас Здеховски Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Бельгиядағы Қазақстан елшілігіне көңіл айту хатын жіберді, – деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өкінішке қарай, Страсбург қаласындағы Еуропалық парламенттің пленарлық сессиясына қатысуыма байланысты Брюссельдегі Қазақстан елшілігінің Көңіл айту кітабына өз қолыммен жазба қалдыра алмадым», – деп жазды еуропалық депутат электрондық поштамен жіберген хатында.
«Семей орматы» резерватындағы өрт салдарынан 14 жұмысшының қаза табуына байланысты Қазақстан халқына қайғыра көңіл айтамын. Аза тұтуға ортақтасып, олардың отбасына, достарына және әріптестеріне шын жүректен көңіл айтамын.
Өтініш, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да көңіл айтқанымды жеткізсеңіздер. 2023 жылдың 12 маусымын Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауы қазақ халқының апат алдындағы бірлігі мен ынтымағын көрсетеді», – деп атап өтті Т.Здеховски.
Бүгін Бельгиядағы ҚР Елшілігінде мемлекеттік ту түсірілді. Брюссель тұрғындары мен шетелдік дипломаттар көңіл айту үшін ҚР дипмиссиясына келіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырып жатыр.
Semeynews.kz