Абай облысында орман өртін сөндіру жұмыстары үш бағытта жүргізіліп жатыр
Бүгін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жедел штабтың кеңесін өткізді, – деп хабарлайды Semeynews. ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда орман өртін сөндіру бойынша негізгі міндеттер тұжырымдалды, сондай-ақ өңірдегі орман өрт жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар әзірленді.
«Өртті сөндіру және залалды азайту, ең бастысы – халықты қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекші мамандар, жедел штаб жұмыс істейді», – деп атап өтті министр.
Ол сондай-ақ барлық қажетті күштер мен құралдар қойылған міндеттерді одан әрі орындауға дайын екенін атап өтті.
Орман өртін сөндіруге Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының ТЖД күштері мен құралдары және ТЖМ бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысуда.
Отырыстан кейін министр орманды дала аймағының аумағына аэровизуалды зерттеу жүргізді. Ұшу қорытындысы бойынша өрт ошақтарына күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді. Сондай-ақ, өрт учаскелерінде су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Орман өртін сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігі 1500-ге жуық адам және 300-ден астам техника жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері 14 тікұшақтың көмегімен жалпы көлемі 3039 тоннадан асатын 1017 су шашу жүзеге асырылды.
Өртті сөндіру күрделі рельефті жерлер мен 17 м/с қатты екпінді желдің салдарынан қиынға соғуда. Жағдайды ескере отырып, Сырым Шәріпханов жедел штабқа тиісті тапсырмалар беріп: «Өртті тоқтату және оқшаулау аса күрделі және көп еңбекті қажет етеді. Жер бедерінің жағдайлары мен отпен күрестегі кедергілер ескерілуі керек», деп атап өтті.
Қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасуда (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер). Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.
С.Шәріпханов орман өртін сөндіруге қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, қалыптасқан жағдайларға қарамастан, бірлескен күш-жігер табиғи апатты тез арада жоюға әкелетініне сендірді.
Semeynews.kz