Былтырғы Қостанайдағы алапат өрттен тиісті қорытынды шығарылмады – Президент

Абай облысында өтіп жатқан жедел штабтың отырысында Мемлекет басшысы алдағы міндеттерді нақтылады, – деп хабарлайды Semeynews.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазіргі басты міндет – адам өмірін сақтап қалу. Сондай-ақ, өртті тоқтатып, елді-мекендерге таралуына жол бермеу. Өрт қаупі бар жерден көшірілген тұрғындарды қауіпсіз мекенге орналастырып, оларға қажетті жағдай жасау керек. Қатердің беті қайтқан соң, залалдың көлемін шұғыл анықтау қажет. Зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсетіледі. Мен жаңа ғана азаматтармен кездестім, уәде бердім. Сондықтан берілген уәдені міндетті түрде орындауым керек. Қаза болған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешуді тапсырамын. Бұл мәселеде созбалаңға салу мүлдем болмауы керек. Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылсын. Сондай-ақ, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау қажет»,-деді Президент.
Оның айтуынша, бірқатар қателік кеткен. Біріншіден, барлық қажетті тапсырма берілсе де, былтырғы алапат өрттен тиісті қорытынды шығарылмады.
Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады.
Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді.
Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі.
«Жалпы, Қауіпсіздік кеңесі бекіткен іс-әрекет алгоритмі болуы керек. Орман өртенді ме, демек оны дереу сөндіруге кірісу керек. Бірақ техникасы, құрал-жабдығы жоқ орманшыларды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды. Кем дегенде, өртті оқшаулау міндеті қойылуы керек. Бірге жұмыс істеу қажет. Бұл – бүкілхалықтық апат. Роман Васильевич Скляр, айналысыңыз, осы мәселелерді бақылауға алыңыз. Біз жақында ғана Қостанайдағы жағдайды бастан өткердік, неге сабақ алмадық? Өрт – жиі болатын құбылыс. Бүкіл әлемде өрт болып жатыр. Онымен күресе білу керек. Әсіресе, біз ормандар туралы айтып отырмыз. Жалпы, біз ормандарымызға дұрыс қарамаймыз. Бізде олардың көлемі аз. 4 пайызға жетпейтін орман алқабы бар. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Semeynews.kz