Абай облысыҚоғамТОП

Алакөлді дамытудың Жол картасы әзірленді

Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Рүстем Ворошилов Жол картасында 41 іс-шара жоспарланғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Алакөлдің инфрақұрылымын дамыту облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың бақылауында екенін баса айтты.

  • Облыс әкімі Алакөлді дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Өздеріңіз білесіздер, бұл тұрғыда бірқатар мәселелер бар.
    Біз 2027 жылға дейінгі Жол картасын әзірледік, онда қауіпсіздік, инфрақұрылым, жолдар, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, ауыз су бұрқақтарын орнату, жағалауды бекіту және басқа да жұмыстар қарастырылған. «Жол картасында» 41 іс-шара жоспарланып, бірнеше бағытқа бөлінген. Қабанбай ауылында жоғары вольтты желіні тарту жоспарлануда. Қазір электр қуатына қатысты мәселе бар. Арбатқа күн сәулесі арқылы көше жарығын орнатып жатырмыз. Кәріз мәселесі де күн тәртібінде тұр. Болашақта Алакөл арбаты мен одан жоғары аумақтардың көлемі ұлғайтылып, адамдар ол жерде электромобильдермен жүре алатын болды. Біз туристердің көлдегі демалысы жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін күш салудамыз, – деді Рүстем Ворошилов.

Сонымен қатар жағалауда биоәжетханалар орнатылады. Қоғамдық дәретханаларды тегін ету мәселесі де пысықталуда.

  • Сондай-ақ су құбырлары, қоқыс шығару және басқа да бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ең бастысы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір облыстың Полиция департаменті Алакөлдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін штаттық бөлімшелерді бөліп жатыр. Жағалау бойына 360 градусқа бұрылатын камералар орнатылады. Судағы қауіпсіздіктің маңызы зор, – деп атап өтті Рүстем Ворошилов.

Басқарма сондай-ақ QR код әзірлеп, қолданысқа енгізген. Оны сканерлеу арқылы Абай облысы туралы барлық ақпаратты алуға болады. Бірінші QR коды әуежайда орналасқан.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button