Абай облысының әкімі өңір тұрғындарын облыстың құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңір тұрғындарын Абай облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтады, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Киелі Абай елі!
Қадірлі жерлестер!
Ортақ қуанышымыз – жаңғырған Абай облысының бір жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Біз – ұлы Абайдың «Берекелі болса ел – жағасы жайлау ол бір көл» – деген ұлағатты сөзін басшылыққа алған, барын бағалап жоғын жасай білген елміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен құрылған облысымыз қысқа уақыттың ішінде нақты жұмыс атқарып, өзінің даму бағытын айқындап алды. Алдымызда ширек ғасыр бойы қордаланған түйткілді мәселелерді шешіп, облысымызды өзге өңірлермен тең дәрежеде дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, тозығы жеткен инфрақұрылымды қалпына келтіру міндеті тұр.
Шешілмеген мәселелер аз емес. Ол үшін уақыт пен тағаттың да қажеттігі жасырын емес. Бірақ, халқымыздың ұйым-берекесі мен шексіз қолдауының арқасында барлық мәселе жүйелі түрде, өз орнымен шешіледі деп сенемін.
Өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың көрсеткіштері экономикалық өсімнің оң қарқының көрсетіп отыр. Бұл, өз алдына, халықтың әлеуметтік мәселелері мен өзекті проблемалардың шешілуіне жол ашады. Қысқа мерзім ішінде құрылыс жаңданып, тұрғын-үйлер мен заманауи ғимараттар, әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Аймаққа инвестициялар тартылып, тың жобалар іске асуда. Жаңа жұмыс орындары мен бизнес субъектілері ашылып келеді. Бұның барлығы, еншісін алып, еңсесін тіктеген халғымыздың ортақ жеңісі мен жемісі!
Адамзаттың бәрін бауырым деп сүюге үндеген Ұлы Абайдың асқақ рухы қасиетті жер, текті топырақ тұрғындарын ұлы мұраттарға жетелей берсін!
Туған жер аман, Отанымыз тыныш, болашағымыз баянды болсын!
Құрметпен,
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев