Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулені қабылдады, – деп хабарлайды Semeynews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге ілтипат білдіре отырып, оның ЮНЕСКО бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын, сондай-ақ ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған қызметіне қолдау көрсететінін атап өтті.
Президент бас директорға Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ оның Түркістанға сапарын азаматтарымыз оң қабылдағанын және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғанын жеткізді.
«Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аса маңызды. ЮНЕСКО біз үшін ерекше ұйым әрі басымдыққа ие. Біз осы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймы»з, – деді Президент.
Мемлекет басшысы климат, биоалуантүрлілік және су ресурстары салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстан ниетті екенін жеткізді. Жақын арада Өңірлік көпсалалы кеңсе болып қайта құрылатын Алматы қаласындағы ЮНЕСКО бюросының қызметі – Қазақстанның осы ұйыммен табысты байланысының жарқын мысалы.
Semeynews.kz