
Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов жұмыс бабымен Қарағайлы ықшам ауданына барып, ықшам аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Қала басшысымен бірге нысандарды тексеруге мердігер ұйымдардың басшылары да қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Шаһар басшысы пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасына және объектілерді салу мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударды.
«Тұрғын үйлерді тұрғызу кезінде үйлердің ішкі әрлеуіне де сапалы материалдарды қолдануыңыз керек», – деді Нұрбол Нұрсағатов.
Қазіргі уақытта Қарағайлы ықшам ауданында 20 бюджеттік көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада, 2024 жылы қолданысқа берілетін тағы 6 үйдің құрылыс жұмыстары басталады.
Айта кетейік, Семейде ағымдағы жылдың соңына дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша 487 пәтерлі көпқабатты 17 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Semeynews.kz