Семейде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына тағзым етілді
Cемейде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков, Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
«Бүгінде Алаш арманы ақиқатқа айналды. «Алаш қонған ақ боз үй» деп, Байтұрсынұлы жырлағандай, Алашқа пана болған қарт Семей де өз биігіне шықты. Абай облысы құрылды. Бұның өзі, тарихты ардақтап, әділдікке жол берген Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың салиқалы саясатының негізінде мүмкін болып отырғанын ерекше атап өту орынды. Заманалар ауысып, қара жер қойнына жасырғанымен, азаттық жолында құрбан болғандар еш ұмытылмайды”,- деді Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.
Жиналған қауым саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.
Semeynews.kz