
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасады.
Құжаттың мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Оның аясында түзетулер 2 кодекске және 11 заңға енгізіледі.
«Біріншіден, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге септігін тигізетін нормалар енгізілген. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылып отыр. Қаралып отырған құжатта қорғаныс-өнеркісібі кешенінің кәсіпорындары жекешеленгеннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдырылатын нормалар қамтылған», – деді Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.
Оның айтуынша, арнаулы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне және әлеуттік қорғалуына қатысты түзетулер енгізу ескерілген.
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы заңының қолданыстағы редакциясында қызметтік тәртіпті сақтау міндеті бірінші басшыларға ғана жүктелген еді.
Енді арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшыларына да жүктеу ұсынылып отыр.
Бұған қоса, заң жобасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарына кадр құрамын патриоттық, адамгершілік және рухани тұрғыдан тәрбиелеуге және ұлттық қауіпсіздік органдарында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмысты жүзеге асыру жөніндегі міндеттер жүктеледі.
«Жеке құраммен жүргізілетін бұл жұмыс ұлттық мәдениетке, дәстүрге, мемлекеттік тілді білуге, жауынгерлік рухты нығайтуға, ұжымдағы адамгершілік ахуалды сақтауға бағытталады», – деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасындағы бірқатар нормалар әскери қызметті атқару тәртібін жақсартуға арналған.
«Діни экстремизмнің алдын алуды заңды тұрғыда реттеу ұсынылып отыр. Қазіргі кезде заңнамаға сәйкес мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға терроризмге тойтарыс беру, оның салдарымен күресу ғана жүктелген. Оның діни аспектілері мүлдем қарастырылмаған. Осы себепті терроризмге қарсы коммиссия аясында жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизмді алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттік беру қажет. Ал, терроризмге қарсы орталық осы жұмыстарды үйлестіріп, оған бас-көз болуы шарт деп есептейміз», – деді Айгүл Құспан.
Semeynews.kz