Абай облысында бірлік пен достықты нығайтудағы мәселелер диалогтік алаңда талқыланды

Медициналық университет қабырғасында облыстық этномәдени бірлестіктері басшыларының қатысуымен диалог алаңы өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев атап өткендей, ҚХА-ның рөлі бүкіл қазақстандық қоғам үшін ерекше, және ол маңыздылығын ешқашан жойған емес.
- Құрметті кездесуге қатысушылар, ең алдымен, баршаңызды бейбітшілікті, достықты, тұрақтылық пен өркендеуді нығайтып, біріктіретін өткен мемлекеттік мерекелермен құттықтаймын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының қорытындысы бойынша әрқайсымызда айтар ойымыз, жұмысымызды қайта қарастырып, оған мән беретін дүниелер бар. Біздің ортақ міндетіміз – бейбітшілікті, достықты, бірлік пен келісімді болашақ ұрпақтарымызға жеткізу, – деді Айдар Садырбаев.
ҚХА мүшесі, “Қазақ тілі” халықаралық қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев ҚХА кезекті сессиясына төрағалық еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ассамблеяның рөлін нақты айқындағанын атап өтті.
- Көптеген аймақтарда әртүрлі мағыналарда Ассамблея керек пе деген сұрақтар да туындаған. Мемлекет басшысы бұл сұраққа нақты жауап берді. Президенттің баяндамасы өте мазмұнды және барлығымыз үшін маңызды ақпаратқа толы болды. Бірлігіміздің құндылықтарын насихаттау үшін біз өз жұмысымызды жүргізіп жатырмыз, бұл біздің парызымыз, – деп атап өтті Орал Шәріпбаев.
Айдар Садырбаевтың айтуынша, осындай диалогтық кездесулер облыстың барлық достық үйлерінде өткізіліп, бүгінгі іс-шара аралық қорытындылар жасап, облыста өткізілген кездесулердің нәтижесін көрсетті.
- Бұл жай ғана талқылау емес. Біз онымен күнделікті жұмыс жасаймыз. Сіздер, Достық үйінің мүшелері, біздің мемлекетіміз ұстанатын саясаттың жолсеріктерісіздер. Бұл үшін біз сіздерге үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді Айдар Садырбаев.
Кездесу соңында қатысушылар Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында айтқан тезистерін және алдағы жоспарларды бірлесіп талқылады. Сонымен қатар, түрлі этномәдени орталықтардың өкілдері ұлтаралық келісімді нығайту ісіне қосқан үлесі үшін облыс әкімінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Semeynews.kz