Абай облысында алқабилердің қатысуымен алғашқы айыптау үкімі шықты
Абай облысында алқабилердің қатысуымен соттың алғашқы айыптау үкімі шықты. Адам өлімі бойынша айыпталушы 15 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Абай облысы прокуратурасының баспасөз орталығынан мәлім еткендей, бір жыл бұрын бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түскен. Жас кәсіпкер, 2 баланың әкесі Үржар ауылы тұрғынының қолынан қайтыс болды. Сотталушы автокөліктегі жәбірленушіден тоқтауын талап етеді. Оған осы талабының орындалмауы ұнамайды.
Дауыс берушілер бірауыздан айыпталушының бұзақылық ниетпен, атыс қаруын қолдана отыра, кісі өлтіру бойынша кінәлілігі туралы шешім шығарды.
19 сәуірде Абай облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының үкімімен Үржар ауылының тұрғыны 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енбеген.
Еске салсақ, 2022 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Жыл басынан бері аса ауыр қылмыстық істерді сотталушының өтініші негізінде алқа билердің қатысуымен қарау қолға алынды. Алқабилерге сот шешімін қабылдау кезінде зор жауапкершілік жүктеледі. Қарапайым азаматтар ар-ождан мен әділеттілікті ұстана отырып шешім қабылдайды.
Semeynews.kz