Автобуста алкоголь өнімдерін тұтынған 3 семейлікке айыппұл салынды
Абай облысының полицейлері қоғамдық тәртіпті бұзушыларды анықтап жауапқа тартты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы 17 сәуірде үш жас жігіт қоғамдық көлікте болып, ішімдік ішкен.
Полицейлер әлеуметтік желілердегі жазбаға дереу жауап беріп, құқық бұзушылардың жеке басын анықтады. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі бойынша (жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу) әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Бұл бұзушылық бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Semeynews.kz