Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ертіс өңірінің журналистері
Ұлы Отан соғысының басталуымен баспасөзде және радиохабарларда айтарлықтай өзгерістер болды. Баспасөз бен радионың мазмұны “Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін ” ұранымен басталды, басты тақырып – жаумен күресуге барлық күштерді жұмылдыру. Басылымдар саны, олардың таралымдары мен көлемі уақытша қысқарды. Жаңа басылымдар – майдандық газеттер мен журналдар шыға бастады. 1942 жылдың соңына қарай 600 – ден астам майдан газеттері құрылды, оның ішінде 110 газет КСРО халықтарының тілдерінде, оның 12-сі қазақ тілінде жарық көрді. Майдан газеттерінің редакцияларында жұмыс істеу үшін редактор, аудармашы және әскери корреспондент болған үздік журналистер мен зиялы қауым өкілдері жіберілді. Ұлы Отан соғысының отты жолдарынан өткен Семей журналистері Рахымбек Қорабаев пен Дмитрий Феофанович Черепановтың, сонымен қатар радиохабарлаушы Евсей Моисеевич Макаровтың Семей қаласындағы Қазіргі заманғы тарихи құжаттама орталығында жеке қорлары мемлекеттік сақтауда.
Қорабаев Рахымбек, 1908 жылы Павлодар облысы Май ауданы Үлкен Ақжар ауылында дүниеге келген. Отызыншы жылдардың басында Семей облыстық «Екпін» газетінің, одан кейін Қарқаралы аудандық «Еңбек майданы» газетінің жауапты редакторы болып жұмыс істеді. 1937 жылы Қазақ журналистика институтында жоғары білім алып, Рахымбек Қорабаев «Қазақстанның колхоз – совхоздары» республикалық журналының жауапты редакторы болып тағайындалды. Соғыс басталған кезде журнал жабылып, Рахымбек Қорабаевты Павлодар облыстық «Қызыл-Ту» газетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі лауазымына ауыстырды.
- 1942 жылдың басында Рахымбек Қорабаев Ташкентте Орта Азия әскери округінің жедел әскери-саяси курсын бітіріп, Калинин майданының 29 армиясының саяси басқару резервіне жіберілді. 1942 жылдың сәуір айынан бастап қазақ тіліндегі майдандық газеттер шығарыла бастағанда, ол Калинин майданында шыққан «Жауға қарсы аттан» («Вперед, на врага») газетінің редакциясына ауыстырылды, – деді Семей қаласының Қазіргі заманғы тарихи құжаттама орталығының мұрағатшысы Наталья Яковлева. – Рахымбек Қорабаев газеттің әдеби қызметкері және аудармашысы болған. Майдандағы газеттер мақалалармен, жазбалармен, жауынгерлер мен офицерлердің очерктерімен, кеңес жауынгерлерінің ерліктерін қамтып, тылдағы жұмысшылардың қажырлы еңбегі туралы әңгімеледі. Газеттер тек майданға ғана емес, сонымен қатар ауруханалар мен медсанбаттарға да жеткізілді, онда жаралылар газеттерді ана тілдерінде оқығысы келді.
Майдандағы газеттер редакциясының қызметкерлері, соғыс тілшілері сияқты, көбінесе өз очерктерінің кейіпкерлерінің қасында болды, жауынгерлік операцияларға қатысты. 1943 жылы қаңтарда Рахымбек Қорабаев ауыр жарақат алып, жарты жылға жуық ауруханада жатты. Содан кейін оны Орталық Азия әскери округінің «Фрунзевец» газетінің редакциясына жұмысқа жіберді. 1943 жылы наурызда Рахымбек Қорабаев денсаулық жағдайы бойынша әскерден босатылды, бір жыл Қазақстан Компартиясы Павлодар облыстық комитетінде нұсқаушы лауазымында жұмыс істеді. Содан кейін, Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін Семей облыстық «Екпін» газетінің жауапты редакторының орынбасары болды.
- Рахымбек Қорабаевтың соғыстан кейінгі қызметі де журналистикамен байланысты болды. 1952 жылы республикалық партия мектебін бітіріп, «Речник» газетінің редакторы, Семей облыстық «Үгітші блакноты» («Блокнот агитатора») журналының, «Семей таңы» газетінің әдеби қызметкері және аудармашысы болып жұмыс істеді, – деді Наталья Яковлева. – Ол Семей және Павлодар облыстарының баспасөзін дамытуға ғана емес, мұрағат ісін дамытуға да өз үлесін қосты. 1961 жылдан 1969 жылға дейін Семей облыстық атқару комитетінің мұрағат бөлімінің меңгерушісі болды.
Тағы бір әскери журналист – Дмитрий Феофанович Черепановтың тағдыры да қызықты. Ол 1907 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Өскемен педагогикалық техникумын бітірген. Дмитрий Феофанович Черепановтың алғашқы өлеңдері мен әңгімелері 1926 жылы шаруаларға арналған одақтас басылымдарда – «Крестьянский журнал», «Журнал крестьянской молодежи» журналдарында жарық көрді.
- Отызыншы және қырықыншы жылдары Дмитрий Феофанович өзңн толығымен журналистикаға арнады. «Прииртышская правда» газетінің редакциясында жұмыс істей жүріп, ауылдағы түбегейлі өзгерістер мен қатал таптық күрес туралы, еліміздегі Ертістегі ірі ет алыбы – Семей ет комбинатын салған құрылысшылардың табыстары туралы, Алтайдағы тау – кен өнеркәсібін дамыту туралы, Рубцовка-Риддер темір жолының құрылысы туралы, Ертіс өңірінің мәдени өмір туралы мақалалар, очерктер, хат-хабарлар жазды, – деді Наталья Яковлева.
Содан кейін соғыс басталды. Дмитрий Феофанович 1942 жылы 17 наурызда шақырылды. Полк мектебін бітіргеннен кейін атқыштар бөлімінің командирі болып тағайындалды. Бірақ оның бейбіт кәсібі мен мамандарға деген қажеттілігін ескере отырып, оны 128 гвардиялық Түркістан тау- атқыштар дивизиясының «Ворошиловец» газетіне жауапты хатшы етіп жіберді. Дивизия құрамында Венгрия, Польша, Чехословакия, Германиядағы соғыс жолдарымен өтті. Ол үнемі жауынгерлік бөлімшелерде жұмыс істеді, эсселерде, өлеңдерде, жазбаларда жауынгерлер мен командирлердің ерліктерін кеңінен насихаттады және өз мақалаларында командирлер мен жауынгерлердің жауынгерлік тәжірибесін жинақтады. Дмитрий Феофановичтің шебер және батыл жұмысының арқасында газет жауынгерлер мен дивизия командирлерінің жауынгерлік тәжірибесі мен батырлығының нағыз трибунасына айналды. Тікелей дивизияның взводтары мен батальондарында болған кезде ол барлаушылармен, автоматшылармен, коммунистермен және комсомолдармен әңгімелесіп, жауынгерлік тапсырманың сәтті орындалуына қатты әсер етті.
Отан Дмитрий Черепановтың батылдығы мен ерлігін жоғары бағалады. Ол ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған.
Семей қаласына оралып, өз редакциясында Дмитрий Феофанович журналисттік және жазушылық жұмыстарға қайта оралды. Ол 10 кітаптың авторы. Дмитрий Феофанович 40 жылдан астам уақыт «Прииртышская правда» газетінде жұмыс істеді. Оның журналистік қаламында құрылысшылардың, өнеркәсіп жұмысшыларының, туған Ертіс өңірінің тыл еңбеккерлерінің еңбегін дәріптейтін жүздеген мақалалар, очерктер, әңгімелер бар.
- Ұлы Отан соғысы жылдарында алдыңғы қатарда төрт жарым мың әскери журналист жұмыс істеді, олардың 72-сі Қазақстаннан. Көбінесе әскери корреспонденттер сарбаздармен бірге жауға шабуыл жасап, су тосқауылдарын жүзіп өтіп, шайқас арасында жауынгерлердің ерлігі туралы мақалалар мен очерктер жазды. Әрбір екіншісі дерлік жараланды, төртіншісі өлтірілді. Аман қалғандар ұрпақтары үшін тарихи құнды мұра қалдырды – соғыстың ащысы мен Жеңістің қуанышын бейнелейтін шығармалар мен басылымдар берді, – деді Наталья Яковлева.
Semeynews.kz