Қазақстандықтар үшін осы ерекше күні Аягөз ауданында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, махаббат бейнесін қалыптастыру мақсатында облыстық байқау өткізілді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Байқауға қатысуға Семей және Курчатов қалалары, Абай, Ақсуат, Аягөз, Бородулиха, Көкпекті, Жарма және Үржар аудандары өтінімдер берді. Осылайша, 7 аудан мен 2 қаладан келген үміткерлер өзара жарысты. Олар:
Көкпекті ауданынан келген Маратов Қуаныш пен Мырзаханова Гүлімай;
Абай ауданынан келген Зейнелов Бакытжан мен Жұлдызбекқызы Жадыра;
Бородулиха ауданынан келген Хасенов Ринат пен Асимоханова Аяулым;
Семей қаласынан келген Таев Ерасыл мен Талғатова Нұрай;
Ақсуат ауданынан келген Мейрамбеков Мерей мен Баяхметова Аяулым;
Үржар ауданынан келген Тұрсынбеков Мерғалым мен Бияхметова Аяжан;
Жарма ауданынан Қасымбай Әкежан мен Ғалымбекова Диана;
Курчатов қаласынан келген Рахым Тілектай мен Жұмабай Данара;
Аягөз ауданынан Абуталимов Болатхан мен Абуталимова Балнұр қатысып жатыр.
Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Абай Айдар Садырбаев атап өткендей, байқауды өткізу тек бәсекелестік, жарыс элементі емес, елеулі тәрбиелік мәнге ие.
– Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары Аягөз ауданында орналасқан. Бұл мақтанатын, тәу ететін, тағзым жасайтын қасиетті орын. Шараны өткізбес бұрын барлық қатысушы мазардың басына барып, Қозы мен Баянға тағзым жасап қайтты. Өткізілетін іс-шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді, тіліміз бен ділімізді өскелең ұрпақ арасында насихаттау, қазіргі ұрпаққа халқымыздың әдемі дәстүрлерін еске салғымыз келеді, – деп атап өтті Айдар Садырбаев.
Байқау 5 кезеңнен тұрды. Қатысушылар өздерің таныстыру, шығармашылық өнерлерімен қатар зияткерлік бөлімі бойынша сынға түсті. Сонымен қатар, ұлдар күш сынасса, қыздар ұлттық нақыштағы киімде сән үлгісін көрсетті.
Қазылар алқасы сынға түскен жұптардың сахналық образ жасай білуі, сөз саптау шеберлігіне, бір-бірімен іс-қимыл үндестігіне, сахнада өзің ұстай білуіне, сонымен қатар киім мәдениетіне қарай бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені иленген Ақсуат ауданынан келген Мейрамбеков Мерей мен Баяхметова Аяулымға «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу – 2023» атағы берілді. Өз кезегінде жүлделі орындар келесідей бөлінді:
І орын – Абай ауданынан келген Зейнелов Бакытжан мен Жұлдызбекқызы Жадыра;
ІІ орын – Бородулиха ауданынан келген Хасенов Ринат пен Асимоханова Аяулым;
ІІІ орын – Жарма ауданынан Қасымбай Әкежан мен Ғалымбекова Диана.
Барлық қатысушы жұптарға сыйлықтар мен мақтау қағаздары берілді.
Semeynews.kz