Еркін Рахметуллин 1987 жылы Абай ауданы Саржал ауылында дүниеге келген. Саржал ауылындағы Шаймардан Тоқжігітов атындағы орта мектепті тамамдаған соң, бұрынғы М.Әуезов атындағы Семей университетінде тарих мамандығы бойынша оқуға түседі. Одан әрі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистратурада білімін жалғастырады.
Ғылым жолына құлашын кең серпіген тарихшы мұнымен шектеліп қалмады. Қазіргі күні Еркін Рахметуллин Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде докторантурада оқып жатыр. Сонымен қатар қаламыздағы Alikhan Bokeikhan университетіндегі «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры. Тарихшының негізгі бағыты – Алаш қозғалысы және қайраткерлерінің өмірі, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ даласындағы саяси процесстер.
- Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне студент кезімнен қызығушылығым оянып, зерттей бастадым. Бұл жолға келуіме Семейдегі тарихшы ұстаздарым Ерлан Сайлаубай мен Мұхтарбек Кәрімов әсер етті. Тарих нақты ғылым емес, бірақ іргелі ғылым. Мұнда еңбегіңнің нәтижесін де бірден көре алмайсың. Үлкен табандылықты, ізденімпаздықты қажет етеді. Спорттағы секілді ғылым жолында жүрген адам да әркез өзін жетілдіріп отырмаса, шыңға шықпайды,- дейді Еркін Рахметуллин.
Алаш қозғалысының 90 жылдығы аясында ашылған Alikhan Bokeikhan университетіндегі «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығын Қазақстандағы алаштану бағытындағы орталықтардың алғашқысы және бірегейі деп айтуға болады.
- Ғылыми-зерттеу орталығы осы уақытқа дейін көптеген зерттеулер жүргізді, бірқатар кітаптар жарықты шықты. 14 сәуір күні халықаралық деңгейде конференция өткізіп, біраз туындылардың тұсауын кеспекшіміз. Әлихан Бөкейхан фотоальбомы да таныстырылады. Жалпы оқырман қауымға және оқушыларға арнап Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін таныстыру мақсатында кітаптар шығаруды да жоспарлап отырмыз. Себебі ғылыми еңбектерді белгілі бір топ қана оқуы мүмкін, бірақ көпшілік қауымға арналмаған. Қарапайым адамдарға, оқушыларға оқуға жеңіл, түсінікті кітаптар керек. Біздің алдымыздағы мақсат – халыққа Алаш арыстарын тұлғалық болмысын таныту. Семей шаһары Алаштың астанасы болғандықтан, Алаш қозғалысын жан-жақты зерттеу, насихаттау – орталықтың негізгі міндеті деп білемін. Осы бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз,- дейді Еркін Рахметуллин.
Ғылыми-зерттеу орталығы алдағы уақытта дәстүрлі түрде Әлихан оқуларын өткізуді, ұлт көсемі туралы деректі фильм түсіруді, Әлихан жолымен туған жеріне сапар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Semeynews.kz