«Шәкәрім университеті» КеАҚ-да ғылым апталығының салтанатты ашылуы өтті. Қонақтар үшін студенттер арнайы көрме ұйымдастырып, өз жобалары мен үздік жетістіктерін көрсетті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Көрмеде іштен жанатын қозғалтқыштардың үлгілері, жас геологтар мен ветеринарлардың жұмысы, бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағын тазарту жобасы және өзге де жобалар ұсынылды.
«Шәкәрім университеті» КеАҚ басқарма төрағасы, ректор Бауыржан Ердембеков Нью-Йорк штатындағы Рочестер университетінің өкілдері ғылым апталығын көруге арнайы келгендерін атап өтті.
- Бүгін сіздерді ғылым апталығының ашылуында көргенімізге қуаныштымыз. Апта ішінде көптеген белгілі бір білім саласына бағытталған көптеген қызықты шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, бүгін университетіміздің ғылыми жетістіктерінің көрмесімен таныса аласыздар. Сонымен қатар бүгінгі шараға Рочестер университетінің делегациясы қатысуда. Біз бұл жерде АҚШ-тағы ең мықты университеттердің бірі Аризона университетінің филиалын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Ердембеков.
Сонымен қатар, университет ректоры ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің оқу үдерісіндегі жаңалықтарға қатысты инновациялық бастамаларына университет қолдау көрсететінін баса айтты.
Бүгін де облыс әкімдігінде әлемнің Үздік-100 университеттерінің тізіміне енген АҚШ университеттерінің өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің базасында америкалық университетінің филиалын ашу мәселелері талқыланды. Мамандарды даярлауды өңірде қажет етілетін: ауыл шаруашылығы, биотехнология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, инженерлік іс және педагогикалық мамандықтар бойынша озық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Семей қаласының ЖОО-да батыстың үздік университеттерінің филиалын ашу жөнінде берген тапсырмасы негізінде атқарылады.
Semeynews.kz