Абай облысында Мемлекет Басшысының атынан ауызашар берілді
Кеше, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Абай елінде ауызашар берілді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Ауызашарға облыстың барлық қалалары мен аудандарынан қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, еңбек ардагерлері мен дін қызметкерлері, мешіт жамағаты мен жастар қатысты. Сонымен қатар, шараға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Ғұламалар кеңесінің және республикалық ақпараттық тобының мүшесі Сансызбай Құрбанұлы арнайы келіп, дін және дәстүр сабақтастығы, отбасы құндылықтары тақырыптар төңірегінде ақпарат берді.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев жұртшылықты Рамазан айымен құттықтап, шараның басты мақсаты халқымызды жақсылыққа, береке-бірлікке, қайырлы іс жасауға шақыру екендігін атап өтті.
«Баршаңызды әр мұсылман баласы үшін мың айдан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын! Осынау күндері жасалға ізгі амалдар, ғибадат-құлшылықтар мен дұға-тілектер қабыл болады дейді. Бүгін міне, Президентіміз барша қазақстандықтар үшін, әр облыста, ауыз ашар дастарханын ұсынып отыр. Ондағы мақсат, иманымызды күшейтіп, бауырмал халқымызды жақсылыққа, береке-бірлікке, қайырлы іс жасауға шақыру» – деді облыс әкімі.
Сөзінің соңында өңір басшысы елімізге береке мен бірлік, ынтымақ пен табыс тіледі.
Semeynews.kz