ШҚОДенсаулықТОП

Облысымыздың ядролық медицина және онкология орталығы екінші кезеңді іске қосуға дайындалуда

Облысымыздың ядролық медицина және онкология орталығы екінші кезеңді іске қосуға дайындалуда. Қазақстанда алғашқы радионуклидтік терапия бөлімшесі биыл маусым айында ашылады, деп хабарлайды Semey News.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов Семейдегі жұмыс сапары барысында бірегей медициналық кешеннің жұмысын тексерді. Бұл мекеме қатерлі ісікті ерте сатыда анықтайтын радионуклидті диагностика орталығына айналады.

Сонымен қатар, 18F фтордезоксиглюкоза радиофармпрепаратын шығаратын циклотрондық кешені бар ПЭТ диагностикасын орнату жүргізілуде. Орталықта орналасқан ең заманауи үлгідегі циклотрон әлемдегі 41-інші, ал Қазақстандағы жалғыз құрылғы. Бұл туралы облыс басшысы әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында хабарлады.

Сәуір айында ашылған радиоизотопты диагностика бөлімінде SYMBIA T16 ОФЭКТ/КТ аппараттарында 60 науқасқа зерттеу жүргізілді. Аталмыш зерттеулер ішкі органдар мен тіндер функциясы және құрылымын бағалауға мүмкіндік береді, бұл тиімді емдеу әдісін таңдауға көмектеседі.

  • Орталықтың уақтылы іске қосылмауының себебі қате жасалған СРҚ жүйесі болғанын баршаңызға белгілі. Құзыретті мамандардың арқасында қазір бізде радиациялық қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтаудың жалғыз жүйесі бар. Жаңа жүйе толығымен автоматтандырылған,-деп көрсетті Даниял Ахметов.

Соңғы жылдары орталықтың 80 қызметкері әлемнің 20 елінде тағылымдамадан өткені назар аударарлық факт. Биыл тағы да бірқатар мамандар жарты жылдық мерзімге оқуға жіберіледі.

  • Біздің облыста осындай орталық болатыны үлкен қуаныш, енді шетелге шығудың қажеті жоқ, ол өте қымбат болатын және бірталай уақытты қажет ететін. Біз осында ұлымызды емдеуге алып келдік, бізде шетелдегіден кем емес: сеніп тапсыратын медициналық персонал және де жаңа қондырғылар бар, – дейді Орталықтағы науқастардың бірінің анасы Алма Тулегенова. – Науқастарға сапалы күтім жасағандары үшін медицина қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді, бұл өте маңызды. Жалпы алғанда, облыста медицина айтарлықтай дамуда.

Сапар барысында облыс басшысы “In Vitro+” жеке компаниясының базасында жаңа инновациялық жабдықтары бар жаңа оңалту орталығында болды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
  • Бұл мекеменің қызмет деңгейі ерекше қуантты,- деп Даниял Ахметов әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында көрсетті. – Орталықтың көптеген жаттығу құрылғылары мен аппараттары Қазақстан бойынша бірлі-жарым. Мысалы, H/P/COSMOS жүгіру жолы бүкіл ел бойынша бір дана ғана және ол осында орналасқан. Ал VACUMED аппараты NASA-да ғарыштық ұшулардан кейін қалпына келтіру үшін қолданылады. Елімізде мұндай тек үш аппрат бар.

Сондай-ақ, RIMEC, TECHNOGYM, TecnoBody сияқты заманауи жабдықтар бар. Ең бастысы, барлық тренажерлерде автоматты түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әрбір науқастың жеке терапия бағдарламасын енгізу қарастырылған.

Мұнда бүгінде тек ШҚО тұрғындары ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінен келген қандастарымызда ем қабылдауда

 

Semey News.

Осы айдарда

Back to top button