Абай облысыҚала тарихыҚоғамМәдениетСемейТОП

Аягөз алқаптарындағы сирек кездесетін трактор Семей музейіне қалай келді

Семейде облыстық тарихи-өлкетану музейі аумағында көптеген жылдар бойы ерекше экспонат қойылды – бұл алғашқы кеңестік трактор, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Музей қызметкерлерінің берген ақпараттары бойынша, музей аумағына қойылған СТЗ-ХТЗ 15/30 маркалы доңғалақты трактор Сталинград трактор зауытында шығарылған. Техника 1977 жылғы мамырда Семей автожөндеу зауытында қайта қалпына келтірілді.

Сирек кездесетін тракторды өлкетану музейіне қорлардың бас сақтаушысы Нұрбану Қырықбайқызы Жолдыбаева Аягөз ауданы “Сергиополь” совхозынан жеткізді. Алғашқылардың бірі болып трактор тұтқасын Нұрқасым Есенғұлов қолына алды. Ол 1915 жылы 15 шілдеде дүниеге келген. 1941 жылы ол Қызыл Армия қатарына шақырылды. Жауынгерлік жолын 77-ші атқыштар дивизиясында 105-ші атқыштар полкі құрамында бастады. Брест бекінісін қорғауға және Солтүстік-Батыс майданға қатысты. 1942 жылы аяғынан жараланып, ауруханаға түсті және медициналық комиссияның қорытындысы бойынша одан әрі әскери қызмет өткеруге жарамсыз деп танылып, одан ары қызмет өткеруден босатылды. Көрсеткен ерлігі, табандылығы мен батылдығы үшін “Отан соғысы” орденімен және түрлі медальдармен марапатталған.

“Көптеген жылдар бойы ардагер өгізбен жер жыртып, егін егіп, орақпен жинап келді. Бірде қол еңбегінің орнына доңғалақты трактор келді. 1954 жылы Аягөзде “тракторшы-механизатор” мамандығы бойынша автомектепті бітіріп, алғашқылардың бірі болып трактор жұмысын игерді. Машинада жұмыс істеу оның жұмысын жеңілдетті, әрине, еңбек өнімділігі артты. Нұрқасым Есенғұлов та, осы трактор да “Сергиополь” совхозының ауыл шаруашылығын қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Уақыт өте келе доңғалақты тракторлардың орнына жаңа техникалар келді”, – деді музейде.

Қажырлы еңбегінің нәтижесінде Н.Есенғұлов “Тың жерлерді игергені үшін” және “Еңбек ардагері” медальдарымен, сондай-ақ көптеген алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Ардагер жарымен бірге соғыстан кейінгі жылдары, көптеген басқа да отбасылар сияқты, қиын, бірақта бақытты өмір сүрді, өз Отанының игілігі үшін жұмыс істеді. 10 бала, немерелер мен шөберелер тәрбиеледі. Болашақта оның ұлы да майдангердің ізімен жүрді, ол механизатор мамандығын игерді. Н.Есенғұлов 1998 жылы қайтыс болды.

Айта кету керек, осы маркалы трактор Кеңес Одағында 1930 жылдан бастап шығарыла бастады. Ол екі немесе үш корпусты соқамен топырақты жыртуға, сондай – ақ ауылшаруашылық құралдарымен жұмыс істеуге арналған. 1930-40 жылдары бұл трактор КСРО-да ең көп таралды. Барлығы 390 500 дана шығарылды. 1937 жылы осы маркадағы тракторларды шығару тоқтатылды.

Руслан Шақабаев

Семей қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің ақпараты бойынша

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button