ҚазақстанҚоғамТағайындауларТОП

Ерлан Қошанов ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы болды

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілістің төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, ҚР Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.

Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды.

Дауыс беру нәтижесі бойынша палата депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің бірінші отырысында палатаның депутаттары ант берді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы ашылды.

Ерлан Жақанұлы 1962 жылы Қарағанды облысында туған. 1984 жылы – Қарағанды политехникалық институтын, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып жұмыс істеген.

1988-1990 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық комитетінің жұмысшы және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемалары бөлімінің меңгерушісі.

1990-1995 жылдары – Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төраға орынбасары, төрағасы.

1995-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 1999-2001 жылдары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі.

2001-2003 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі. 2003-2006 жылдары – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі. 2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы. 2007-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі. 2012-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.

2017-2019 жылдары – Қарағанды облысының әкімі. 2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы. 2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды. «AMANAT» партиясының Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Фракция жетекшісі. 2022 жылғы 26 сәуірде «AMANAT» партиясының төрағасы болып сайланды. І дәрежелі «Барыс» (2021), «Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақ, орыс, неміс тілдерін меңгерген.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button