Абай облысыҚазақстанҚоғамСемейТОПЭкономика

Абай облысының әкімі ҚХР шекара маңы ынтымақтастығының II достық диалогына қатысуда

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы (Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданы) арасындағы шекара маңы ынтымақтастығының II достық диалогына қатысуда, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономия ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы, 20-шақырылымдағы ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі Ма Синжуй, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Алматы қаласының, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы облыстарының әкімдері қатысуда. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқылануда.

Өз кезегінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қытай жаңадан құрылған облыстың ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мәселен, 2022 жылы Абай облысының (Азия елдерімен) Қытай өңірлерімен шекара маңы саудасының арқасында жалпы тауар айналымы құрылымындағы үлесі іс жүзінде 54,1% немесе 35,9 млн. АҚШ долларын құрады.

Нұрлан Ұранхаев көрші мемлекеттің бизнесмендеріне бірлескен кәсіпорындар құруды, Абай облысының перспективалы жобаларына ресурстар салуды ұсынды. Сонымен қатар мұндай жобаларға барынша қолдау көрсететінін білдірді.

«Біз Абай облысында өндірістердің өнеркәсіптік кооперациясына жәрдемдесуге дайынбыз және 55 гектар бос алаңы бар және 155 гектарға кеңейтілуге әлеуеті бар «Өндіріс» индустриялық аймағын ұсынуға дайынбыз», – деді облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Оның айтуынша, келесі жылға ұзындығы 1,7 км темір жолы және индустриалды аймақ резиденттері үшін қоймасы бар тұйықтың құрылысы жоспарлануда.

Сонымен қатар, Нұрлан Ұранхаев Абай облысының агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін ұтымды тұстарына тоқталды. Облыс басшысы атап өткендей өңір бірегей табиғи-климаттық жағдайларға және 9 млн. гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ие.

Нұрлан Ұранхаев Абай облысының Қазақстанның екі ірі сауда серіктесі Қытай мен Ресей арасында тиімді географиялық орналасуына назар аударды. Атап айтқанда, транзиттік-көлік саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған тағы бір перспективалық бағытқа тоқталды.

  • Қазақстан үкіметі біздің облыс арқылы өтетін транзиттік автомобиль жолдарын дамытуға үлкен көңіл бөледі. Жақын арада Қазақстан, Қытай және Ресейді жалғайтын “Омбы – Майқапшағай” магистральдық автожолының ұзындығы 450 км учаскені қайта жаңарту аяқталады.
    Көлік дәліздерін кеңейту үшін 2024-2025 жылдары Аягөз-Бақты-Тачэн бағыты бойынша теміржол жолын салу жоспарланған, өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» құрылатын болады, – деп түйіндеді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button